1.03.2019, 14:25
Оқылды: 239

БҚМУ-да Алғыс айту күніне орай мәнерлеп оқу байқауы өтті

М.Өтемісов атындағы БҚМУ-да 1 наурыз – Алғыс айту күніне арналған «Қазақ елі – ұлы достық мекені» тақырыбындағы «Достық» студенттік клубы мүшелері мен университетте білім алып жатқан өзге этнос өкілдері арасында қазақтың танымал ақындарының өлеңдерін мәнерлеп оқу байқауы өтті.

 05

          1 наурыз елімізде жалпыхалықтық мереке – Алғыс айту күні. Бұл күн – қысылтаяң шақта бар ауыртпашылықты бірге көтере білген, бүгінгі таңда еліміздегі түрлі этнос өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналған күн. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ассамблея сессиясында сөйлеген сөзінде: «Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған күн, яғни 1 наурызды жыл сайын барлық этностың бір-біріне және мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Бұл күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді» деген болатын.

        Мерекеге орай өткен байқауға 16 үміткер қатысып, бақ сынады. Олардың арасында орыс, өзбек, түркімен, неміс, шешен украин халқының өкілдері бар. Қатысушы жастар ұлы Абайдың, Махамбеттің, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов, Жұбан Молдағалиев, Әбділдә Тәжібаев, Қадыр Мырзалиевтің өлеңдерін нақышына келтіре оқып, қазақ ақындарына деген шынайы құрметі мен сүйіспеншіліктерін айқын сездірді.

        Қазылар алқасының мүшелері университеттегі «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының меңгерушісі Тұрар Шайхиев, «Ағайын» қазақ этномәдени бірлестігінің төрағасы Мақсот Бергенов, «Татар мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің өкілі Альфия Джапаровалар кеш соңында ел бірлігі мен татулығына шақырып, бейбітшілік пен келісімге ұйтқы болатын осындай шаралар дәстүрлі түрде өту керектігін айтып өтті.

         Байқау қорытындысында Анастасия Бадеева мен Камила Чарыкулыева жүлделі бірінші орынды тең бөліссе, Мадина Артаева екінші, Варвара Осиновская мен Валентин Козлов үшінді орындарды иеленді. Жеңімпаздар диплом, алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтармен марапатталды.

04 06

Рита Сұлтанғалиева,

 М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың баспасөз қызметі

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале