12.08.2020, 11:18
Оқылды: 93

БҚО әкімі: «Балаларымыздың саулығы мен қауіпсіздігі - біздің басты назарымызда»

Бүгін Өңірлік коммуникациялық қызметі алаңында өткен брифингте облыс әкімі Ғали Есқалиев өңірдің білім беру мекемелерінің жаңа форматта оқу жылына дайындығы туралы баяндады.

A8CCF161-B34A-4BBE-A472-7CC60933AA76 Облыста оқытуды тиімді ұйымдастыру мақсатында, ең алдымен, санитарлық талаптарды сақтауға негізделген шаралар қабылданды. 1 қыркүйекте облыс бойынша дәстүрлі салтанатты жиындар өткізілмейтін болды.

IMG_20200812_105751_418

– Биылғы оқу жылын интернет жылдамдығы төмен елді мекендерде орналасқан 220 шағын мектеп штаттық режимде бастайды. Аталған мектептерде шамамен 16 мыңнан астам оқушы оқиды. 90 мыңнан астам оқушыларды қамтитын бала саны көп қалалық және ауылдық 160 мектеп қашықтықтан оқыту режиміне көшетін болады. Қашықтықтан оқытылатын мектептер BilimLand, Daryn.online, Edupage білім беру порталдарына қосылатын болады, – деп атап өтті өңір басшысы.

Балаларды компьютерлік техникамен қамтамасыз ету үшін 20 мыңнан астам компьютер сатып алу көзделіп отыр.

Облыс әкімі мұғалімдері оқытудың жаңа форматы жағдайында сабақ өткізу үшін арнайы онлайн курстардан өткенін атап өтті. Сондай-ақ, оқушылар мен ата-аналарды дайындау мақсатында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы лекторий курстарын өткізуді бастады. 20 тамызда бірыңғай ата-аналар жиналысы, 21 тамызда бірыңғай сынып сағаттары өтетін болады.

Қашықтықтан оқытатын мектептерде бастауыш сынып оқушылары үшін кезекші сыныптарды ашу көзделуде. Штаттық және кезекші сыныптары бар мектептерде қатаң санитарлық талаптарды сақтау шаралары қамтамасыз етіледі. Санитайзерлер, тепловизорлар, антисептиктар, кварцтық лампалар сатып алынады. Балалар келіп оқитын мектептерде маскалық режим енгізіліп, медициналық бақылау күшейтіледі.  

– Ауылдық елді мекендердегі оқушы саны аз колледждер қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып, штаттық режимде жұмысын жалғастыратын болады. Ал педагогикалық, ІТ, гуманитарлық бағыттағы колледждер толығымен қашықтық оқытуға көшеді. Техникалық, аграрлық, медицина бағыттарындағы колледждерде лекциялар онлайн, ал практикалық жұмыстар оқу орнында жүргізілетін болады. Колледждер College SmartNation, Edus білім беру порталдарына қосылады, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ ата-аналар барлық қосымша ақпаратты 1301 сall-орталығынан ала алады.

Облыста барлық 380 мектептер интернет желілеріне қосылған. Жылдамдықты арттыру үшін жергілікті бюджеттен қосымша қаражат бөлу қарастырылуда. Оқушыларды оқулықтармен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 2,8 млрд.теңге қаражат бөлінді.

Биыл облыс бойынша 2550 орындық 5 мектептің құрылысы жүргізілуде. Соның ішінде 2 мектеп жаңа оқу жылына дейін тапсырылатын болады. Білім ордаларының күрделі жөндеуіне тоқталар болсақ, 9,3 млрд. теңге қаражатқа 27 мектеп күрделі жөндеуден өтуде. Оның 22-мектебі қыркүйек айына дейін пайдалануға беріледі.  

– Балаларымыздың саулығы мен қауіпсіздігі біздің басты назарымызда. Бүгінде өңірдегі эпидемиологиялық ахуал тұрақталып келе жатқанымен сақтық шараларына бей-жай қарауға болмайды, – деп түйіндеді облыс әкімі.

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале