27.10.2020, 20:54
Оқылды: 111

БҚО әкімі бір өмірді ажалдан арашалаған батырды қабылдады

Бүгін облыс әкімі Ғали Есқалиев Шаған өзенінен өтетін аутокөлік көпірінен секірген әйелді құтқарып қалған Ұлттық ұлан жауынгерін марапаттады.

2C1466E3-D9EE-4A88-9B93-067F74F5D7ED

– Асқар Темірболатұлы, сіз өміріңізге қауіп төніп тұрса да өзгенің өмірін құтқарып қалдыңыз. Сын сәтте тез шешім қабылдап, батылдық таныту ерлік деп санаймын. Бірақ сіз «ерлік  жасадым» деп ойламайсыз. Шыны керек, мұндай әрекетке кез келген адам бара алмайды. Бұған батылдық, адами қасиетпен қатар, физикалық дайындық та қажет. Суға батып бара жатқан адамды құтқару әдіс-тәсілін білу керек. Бұл сіздің адамгершілік, елжандылық қасиетіңіз бен  ата-анаңыздың тәрбиесі деп білемін. Өсіп келе жатқан ұлдарыңыз да  сіз секілді елге, қоғамға адал қызмет етсін. Осындай азаматтарымыз барда еліміз аман, жұртымыз тыныш болады деп санаймын. Қызметіңізге сәттілік тілеймін. Сізге өзімнің және халықтың атынан алғысымды білдіремін. Командирлеріңізге де алғысым зор, – деген облыс әкімі жауынгерге алғысхат табыстады. Сонымен бірге төрт ұл тәрбиелеп отырған азаматқа бүгінде өте қажет саналатын ноутбукты тарту етті.

C24F8FAA-F9E5-47E9-B4D7-5A85EAAA67C2

Айта кету керек, тосын оқиға қазанның 26 күні орын алған. ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының 5517 әскери бөлімінің әскери жасақ басшысы, аға сержан Асқар Нұрғалиев түнгі ауысымдағы қызметінен жеке көлігімен келе жатқанда «Динамо» базасының қасындағы аутокөлік көпірінен әйел адамның көпірден секіргенін байқап қалады. Көлігін тоқтатып, барып қарағанда суда батып-шығып жүрген адамды көріп, ойланбастан суға қойып кетеді. Өміріне төнген қауіпке қарамастан, бір өмірді ажалдан арашалап алады. «Судағы қызды жағаға шығарар кезде жоғарыдан «құтқару күртешесін» лақтырды. Жағадан полиция, медицина қызметкерлері күтіп алды. Сол сәтте ештеңе де ойлаған жоқпын. Бәрі еркімнен тыс болған жайт. Кездейсоқ оқиға. «Ерлік жасаймын, көзге түсейін» деген ой болған жоқ. Менің орнымда болса, басқалар да осылай жасаған болар еді. Әскери қызметтегі бес жылымда мұндай   жағдай бірінші рет кездесті», – дейді Асқар Темірболатұлы.

 Айна Имашева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале