23.07.2020, 7:26
Оқылды: 522

БҚО әкімі медициналық масканы 65 теңгеге дейін арзандатуды тапсырды

Өңірлік жедел штаб отырысында Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев облыста «Казмедком» ЖШС-ның ғана медициналық маска шығаруға лицензиясы барын айтты. Бұл компания күніне 45 мың дана маска шығара алады.

Кәсіпорын қазіргі кезде өндіріске дайындалуда. Тамыз айының екінші жартысында Қытайдан арнайы жабдықтарды алдыртпақ. Бұл жабдық техникалық сынақтан өткізіліп, сертификаттау жүргізілген соң, қыркүйек айының басында медициналық маска шығара бастайды. Медициналық масканың өзіндік құны 40-45 теңге шамасында болады. Қазіргі уақытта нарық бойынша бірнеше қабатты бір реттік маскалар бағасы 85 теңге болып бекітілген.

574a59b68d2255e9dda1183977794685_XL

Мұхтар Манкеев облыс әкімі тапсырмасымен маска бағасын 65 теңгеге түсіруге жағдай жасалатынын айтты. Ол үшін нарықты белден басып, бағасын күрт шарықтататын делдалдардан жолды тазалау міндеті алда тұр. Осы мақсатта басқа қалалардағы маска өндіретін кәсіпорындардан тікелей сатып алуға байланысты келіссөз жүргізілуде. Наурыз айынан бастап облыста 20 кәсіпорын бірнеше мәрте қолданылатын маскалар тіге бастаған. Сұраныстың шарықтау шегіне сай ол кезде күніне 50 мың маска дейін шығарылған. Облыста дайындалған маскалар саны 1 миллионнан асқан. Материал құнына байланысты тауар бағасы 100 теңгеден басталады. Қазіргі уақытта дәріханаларда 140 мың дана маска бар. Оның 90 мыңы – медициналық маскалар. Антисептик қоры жеткілікті.

Қалада «ОралМедРегион» ЖШС өкпені жасанды желдететін аппарат дайындауда. Аппаратты дайындау үшін құрамдас бөлшектерін Белоруссия мен Ресейден алдыртады. Компания шілде айында осы құрылғының он данасын құрастырып үлгереді. Қыркүйек айында тауарды нарыққа жаппай шығару жоспарлануда. «ОралМедРегион» базасында «Батыс Қазақстан машина жасау» компаниясы пилоттық режимде Бобров аппаратының 20 данасын дайындаған. ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен келісе отырып, құрылғыларды сертификаттау жұмысы жақында аяқталады.

Медициналық мекемелерді оттегі концентраторларымен қамту басты назарда тұр. Оған «Азот зауыты» мен «Миком» ЖШС-лары жауапты. Азот зауыты – Қазақстандағы азот пен оттегіні экспорттайтын бірден-бір кәсіпорын. Бұл серіктестік алғашқы жартыжылдықта 500 тонна оттегі өндірген. Індеттің таралуына байланысты сұраныстың күрт артқаны мәлім. Сондықтан компания өз қаржысына әрқайсысы 20 тонналық 2 ыдысқа құйылған сұйық оттегіні Еуропадан Орал қаласына жеткізбек. Одан кейін 2,5 мың тонналық оттегі баллондары екі ауруханаға орналастырылады. Бұған дейін «Азот зауыты» ЖШС оттегі баллондарының саны көбеюіне байланысты жаңа газразрядты стансаны іске қосқан. Компания жеке қаражатына облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы базасында оттегі баллондарын сақтайтын қойманы жасақтаған.

Серіктестік Орал қаласы Исатай батыр көшесі, 83 мекенжайында орналасқан станса арқылы тұрғындарға оттегін жастығын тегін толықтырып беруде. Техникалық қиындықтарға байланысты кідіріп қалған «Миком» ЖШС шілденің 24-інен бастап іске кіріспек. Қазірдің өзінде кәсіпорын Орал, Атырау, Қызылорда қалалары бойынша 48 мың тонна сұйық оттегіні өндіруге тапсырыс алып отыр. Қазіргі уақытта жеткізу қызметімен қоса алғанда, 1 тонна сұйық оттегінің орташа бағасы 80-85 мың теңге. Ал оттегі баллондарының бір данасы 1200-ден бастап 2000 теңгеге дейінгі бағада сатылады.

Облыс әкімі Ғали Есқалиев медициналық ұйымдарды оттегімен қамтамасыз ету бір сәтке де назардан қағыс қалмау керектігін айтты. Алдағы уақытта медициналық маскаларды 60 теңгеге дейін арзандату жолын қарастыруды тапсырды. Ол үшін алыпсатарлардан тәркіленген маскаларды дәріханаларға үлестіру арқылы бағаны төмендетуге болатынын айтты. Сонымен қатар тұрмыстық жағдайы төмен отбасыларды қолдау мақсатында тегін тұмша тарату науқанын қолға алуды тапсырды.

Нұртай ТЕКЕБАЙ

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале