17.02.2017, 15:33
Оқылды: 58

БҚО әкімі тұрғындар сауалына жауап берді

Сәлімбай МӘДИЕВ, Теректі ауданының тұрғыны:

-Соңғы кездері ауылымызға  газет-журнал уақытымен жетпейтін болды. «Қазпошта»  АҚ-ның қызметкерлері бұл мәселені қызметкерлердің жетіспеуімен түсіндіреді. Бір пошта қызметкері жарты ставкамен жұмыс жасайды. Тұрғындарға газет-журнал уақытымен жету үшін штатты көбейтуге немесе жарты ставкада жүрген қызметкердің жұмысын толық ставкаға жеткізуге болмай ма?

Алтай КӨЛГІНОВ, облыс әкімі:

-Мен ауыл тұрғындарының газет оқитындығына қатты риза болып тұрмын.  Бұл мәселе бойынша «Қазпошта» АҚ мамандарымен хабарласып, өзіңізге жауабын жеткіземін.

 

Әлия АХМЕТОВА, қала тұрғыны:

-Баспасөз беттерінде   қоғамдық көлік жолақысы көтерілуі мүмкін деген болжам бар.  Бұл қаншалықты рас?

 

 Алтай КӨЛГІНОВ, облыс әкімі:

-Қоғамдық көлік тақырыбында  көптеген өзекті мәселелер жиналып қалды. Соңғы рет 2013 жылы  жолақы бағасын 50 теңгеден 60 теңгеге көтердік.  Тасымалдаушылардың  бәрі жеке. Күніне 600-ге жуық автокөлік жолаушы тасымалымен айналысады. Олардың мәлімдеуінше экономикалық жағдай қиын. Қазіргі күнде көп адам сыймайтын шағын автобустарды үлкен автобустармен алмастырып жатырмыз. Оның өзі ескі, тозығы жеткен автобустар. Олар «көліктерді жаңартуға қаражатымыз жетпейді, тарифті көтеру керек»  деген уәжді алға тартады. Осы мәселе бойынша екі жылдан бері жұмыстанып келеміз. Былтыр шағын автобустарды (Газельдерді) 80 пайызға ауыстырдық.  Енді қалалық маршрутты өзгертуіміз керек. Өйткені қаланың шет жағына Зашаған, Деркөл, Серебряков ауылдарына  баратын автобустар экономикалық тұрғыда тиімсіз. Сондықтан да біз субсидиялау мәселесін қарап жатырмыз.  Бұл мәселенің шешімін БАҚ арқылы жеткізетін боламыз.

 

Алмас САБЫРОВ, қала тұрғыны:

-9 шағын ауданының тұрғындары атынан  біздің шағын ауданда  ауыз судың сапасы өте төмен екендігін айтқым келеді. Көшелерде жарық жоқ, тротуар жоқ. Ауданымызда бала көп. Көп қабатты бір үйдің өзінен 50-60 бала шығады.  Балаларға спорт алаңы керек. 

Алтай КӨЛГІНОВ, облыс әкімі:

-9-шы шағын аудан - үлкен шағын аудандардың бірі. Судың сапасы туралы біз Батыс су арнасына тапсырма береміз. Мамандармен бірге қарап, тексеру керек. Өйткені соңғы кездері 9-шы шағын ауданнан суға қатысты шағым көбейіп кетті. Жарық, тротуар, спорт алаңы бойынша біз абаттандыру жұмыстарын күйшейтеміз.  Биылдың өзінде Орал қаласында 30-ға жуық спорт алаңы салынады.

Сәлімгерей НҰРТАЗАЕВ, Зашаған кентінің тұрғыны:

– Қаладағы пәтер иелері коперативтерінің қызметі нашар. Коператив жиналысына тұрғындар белсенді қатыспайды. ПИК әкімшілігі тұрғын үйлерге қатысты мәселелерді шешуге құлықты емес. Бірақ жылма-жыл тарифті көтереді. Есесіне, қызметкерлерінің жалақысын жоғарылатады. Негізінен, кооператив құжаттары да түгел емес. мәселен, тұрғындармен келісімшарт жасамайды. Сондықтан, ПИК-терді бақылауға алу үшін қала әкімдігі жанынан орталықтандырылған жүйе жасақтауды ұсынамын.

 Алтай КӨЛГІНОВ, облыс әкімі:

– Қала тұрғындарының өзі кооператив жиналысына белсенді қатысып, оң шешімді талап етулері тиіс. Бір үйдің ішіндегі пәтер иелері бір-бірімен араласпайды. Коператив қызметінің жандануы тұрғындардың белсенділігіне де байланысты. ПИК-тердің жұмысын жүйелеуге қатысты ұсынысыңызды талқылап, бұл мәселемен шұғылдануға Орал қалалық тұрғын үй инспекциясы бөліміне тапсырма беремін.

 

Құбай ӨТЕСЕНОВ, Орал қаласының тұрғыны:

– Орал қаласында ескі үйлер көп. Кейбірінің салынғанына 100 жылдан асып кетті. Үйлердің сырты қабырғасына сызат түскен. Қаладағы Дәулеткерей көшесіндегі 29-үйдің тұрғындары ортақ баспана ғимаратын жөндеуге көмектесуді сұрайды.

 Алтай КӨЛГІНОВ, облыс әкімі:

– Шаһарда апатты деп танылған 41 үй бар. Яғни 350 отбасы осындай баспанада тұрып жатыр. Былтыр Деповской көшесіндегі бірнеше апатты үйді бұзып, мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестік аясында 9 қабатты үй тұрғыздық. Биыл да осы бағытта жұмыстанатын боламыз. Жоба аясында үш құрылыс компаниясымен келіссөз жүргізудеміз. Облыстық әкімдік белгіленген аумаққа инфрақұрылым желілерін тартып, абаттандыру жұмысын жүргізсе, құрылыс комбинаттары баспананы тұрғызып, нарық бағасымен сатып алуды ұсынады. Жеке инвестор болған соң, олар да пайда табуы керек. Сіз айтқан үйге қатысты ахуалды зерттеп, жоба аясында қажетті шараларды қарастырамыз.

Нұртай Алтайұлы,

Гүлжамал Жолдығалиқызы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале