1.05.2019, 0:01
Оқылды: 78

БҚО әкімінің Қазақстан халқының бірлігі күні мейрамымен құттықтауы

Құрметті батысқазақстандықтар! Баршаңызды 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мейрамымен құттықтаймын!

Kulginov

Қасиетті Ақ Жайық өңірінің халқы мемлекетіміздің мызғымастығын қамтамасыз ету жолында ұлтаралық татулықты ту етіп келеді. «Кең болсаң, кем болмайсың» деп айтып кеткен даналар сөзі біздің өмірлік ұстанымымызға айналды. Ұлтымыздың осы ұлы қасиеті бүгінгі бейбіт күніміздің кепілі болып отыр. Тілі бөлек болса да, тілегі бір, жүзі бөлек болса да, жүрегі бір 90-нан астам ұлт пен ұлыс өкілдері облысымыздың қарыштап дамуына өз үлестерін қосуда.

Ынтымақ бар жерде ырыс пен береке қоса жүреді. Тәуелсіздігімізді тұғырлы ететін де, қасиетті өңіріміз Ақ Жайықты жаңа белестерге жетелейтін де біздің ең басты құндылығымыз – ұлтаралық жарасым-сыйластығымыз бен дінаралық татулық-түсіністігіміз. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жадымызда жиі жаңғыртатын осы құндылықты көздің қарашығындай сақтау – біздің басты мақсатымыз.

Талай аласапыранды басынан өткерген ата-бабаларымыз ғасырлар бойы бақытты ел болуға талпынды, тәуелсіздікті, теңдік пен татулықты көкседі. Біз осындай ұлы мұрат-мақсаты, асқақ арманы орындалған бабалардың ұрпағымыз.

Сіздерді береке-бірліктің, ырыс-ынтымақтың мерейлі мерекесімен шынайы ықыласпен құттықтай отырып, өңіріміздің әрбір отбасына баянды бақыт пен амандық-саулық, тату-тәтті өмір тілеймін!

Қойнауына құт қонып, баурайына бақ дарыған Ақ Жайық атырабы мен кең байтақ Ұлы дала елін жемісті еңбегімізбен гүлдендіре берейік!

Игі тілекпен,

Батыс Қазақстан облысының әкімі

А. Көлгінов

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале