23.05.2020, 9:25
Оқылды: 938

БҚО-ның Сырым ауданында карантиндік шектеу шаралары енгізілді

БҚО-ның Сырым ауданында карантиндік шектеу шаралары енгізілді, деп жазады ҚазАқпарат.

EE32B257-2375-44F9-BD50-D801179F0136

Сырым аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының ауданда карантин қою туралы қаулысы 23 мамыр күнгі сағат 00.00-ден бастап күшіне енді. Басқарма басшысы Ләззат Мұқанованың айтуынша, Сырым ауданында коронавирус жұқпасының шоғырлануы мен таралуына жол бермеу мақсатында карантин жарияланды. Аудан орталығы Жымпиты ауылында екі жерде блокпост қойылды. Азық-түлік тауарларын, дәрілік және медициналық заттарды, тұрғындардың өмір сүруіне қажетті басқа да тауарлар мен қызмет түрлерін, өндірістік, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуді қоспағанда, Сырым ауданына, ауылдар мен елді мекендерге көліктердің кіруіне және шығуына тыйым салынды. Шұғыл жолға шығушылар КВИ жұқпасына қарсы құрылған аудандық жедел штабтың рұқсатын алуы тиіс. Азық-түлік дүкендері, банк, пошта мекемелері жұмысын жалғастырады. Бірақ қызмет көрсетушілер мен тұрғындардан әлеуметтік арақашықтық пен санитарлық тәртіпті сақтау қатаң талап етіледі. Сонымен қатар бұдан бұрын ауру ошағы анықталған аудандық орталық ауруханада карантин жарияланды. Аурухана директоры Роза Тахамбетованың сөзіне қарағанда, науқаспен байланыста болған 53 медицина қызметкері үйлерінде оқшауланды. Карантинге байланысты аудандық емхана Өлеңті ауылындағы әлеуметтік орталық ғимаратына көшірілді. Сынама тапсыру, ем-шара алу, күндізгі стационар қызметтері мен жалпы тәжірибелік дәрігер, офтальмолог, невропатолог, гинеколог, хирург сияқты дәрігерлердің қабылдаулары уақытша осы ғимаратта жүргізіледі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 78 ауру ошағы анықталғанын, коронавирусқа шалдыққандар ішінде 9 бала бар екендігін жазған болатынбыз. Сырым ауданында алдымен аудандық аурухана қызметкері ауру жұқтырса, содан кейін онымен қарым-қатынаста болған тағы екі адамнан коронавирус анықталған еді.

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале