22.10.2019, 17:38
Оқылды: 158

БҚО-да 1 мыңнан астам отбасыға АӘК төлеу тоқтатылды

Президент тапсырмасына сәйкес 2020 жылы атаулы әлеуметтік көмек алудың тәсілдері өзгереді. Соған байланысты қолға алынатын кешенді шаралар бірнеше бағыт бойынша жүргізіледі. Алдымен көп балалы отбасылар санатына көңіл бөлініп, кепілдендірілген жәрдемақы ұсынылады. Екіншіден, табысы аз азаматтарды қолдай отырып, оларды еңбекке ынталандыру тетіктері қарастырылған. Үшіншіден, АӘК алатын отбасылардың балаларына әлеуметтік кепілдендірілген пакет ұсынылады.

sobez (3)

Бұл жайында Батыс Қазақстан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында болған дөңгелек үстел отырысында айтылды. Шараға қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысып, ұсыныс-пікірлерін айтты.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Қайырғали Надырғалиевтің айтуынша, биылғы сәуір айынан бері жаңа үлгідегі әлеуметтік көмек 11 мыңнан астам отбасыға тағайындалған. Қазіргі уақытта 3 046 отбасының табысына тексеру жүргізілді. Тексеріс нәтижесінде 1 мыңнан астам отбасыға АӘК төлемін аудару тоқтатылды. Кейбір отбасылардың табысына қайта есептеу жүргізілуде.Табысын жасырған немесе кіріс мөлшері кедейшілік шегінен асқан отбасылардан қаражат кері өндірілуде. Облыс бойынша 9,3 миллион теңге қаражат бюджетке қайтарылған. Жалпы АӘК төлеміне 4 млрд. теңгеден астам қаражат жұмсалған.

sobez (2)

– Сәуір айыннан бері өтініш бергендер арасында жеке кәсіпкерлікпен айналысатындарға да, қолында қыруар дүние-мүлкі барларға да АӘК тағайындалған. Яғни табысын қолдан жасырып, өрескел заң бұзушылық жасаған. Кейбіреулері АӘК төлемі кері қайтарылатынын білмеген. Ақпараттық жүйелер арқылы тасыбын жасыру фактілерін анықтаудамыз. Президент тапсырмасына сәйкес салалық министрлік АӘК тағайындау тетігін оңтайлы етуге жұмыстануда, - деді Қайырғали Надырғалиев.

Елімізде АӘК берілетін балалардың 60 пайызы – көп балалы отбасылардікі. Кәмелеттік жасқа толмаған төрт немесе одан да көп бала асырап отырған барлық отбасыға, табысына қарамастан, республикалық бюджет есебінен мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Жәрдемақы мөлшері, орта есеппен алғанда, әр балаға 10-11 мың теңгеден. Ал табысы өңір бойынша белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ына (19 893 ) жетпеген отбасыларға атаулы әлмеуметтік көмек қосымша тағайындалады. Бірақ әлеуметтік көмек алатын отбасындағы еңбекке қабілетті адам жергілікті билік құрылымдары ұсынған жұмыс орнынан бас тартса, АӘК төлемі түгелімен тоқтатылады.

Табысы аз отбасыларға қосымша әлеуметтік кепілдендірілген пакет ұсынылмақ. 1-ден 6 жасқа дейінгі балаларға 4 710 теңгеге физиологиялық дамуына байланысты ғылыми негізде түрлі дәруменге бай азық-түлік жиынтығы мен 1 774 теңгеге гигиена құралдары, мектеп жасындағы балаларға ыстық тамақ, мектеп формасы, оқу құрал-жабдығы мен жолақы беріледі.

Дөңгелек үстелде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алтай Құлқаев қоғамдағы еңбекке деген енжарлық көрінісін азайту үшін әлеуметтік салаға қатысты мемлекет ұстанымын түсіндіруге қоғамдық ұйымдарда белсене атсалысуға шақырды. АӘК-нің жаңа тетігін қалыптастыруға байланысты заңнамалық актілерге енгізіліп жатқан өзгерістер Парламент қарауына талқыланбақ. Заң жобасын жетілдіруге байланысты азаматтар ұсыныс білдіре алатыны айтылды. Басқосуға қатысқандар әлеуметтік көмектің жаңа тәсілдерін талқылап, өз ойларымен бөлісті.

 

Нұртай Алтайұлы

суретке түсірген Эльвира Меңдіғали

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале