19.09.2017, 18:11
Оқылды: 18

БҚО-да 115 спортшы арнайы төлеммен қамтылмақ

Бұл жайлы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде «Спортты қаржыландыру ережелеріндегі өзгертулер туралы» тақырыбында өткен брифингте айтылды.


Брифингте облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева спортшыларға, олардың жаттықтырушыларына және клубтық командалардың жетекшілеріне ай сайын төленетін қаражаттың мөлшері туралы тілшілерге ақпарат берді.

- Спортшыларға ақшалай қаражат осыған дейін де төленіп келген еді. Енді аталмыш бағыттағы төлемдер жаңартылған заң аясында жүргізілетін болды. Жаңа қаулы бойынша спорттың олимпиадалық, олимпиадалық емес және командалық ойын түрлеріне қатысты арнайы қаржыландыру қарастырылады. Аталмыш қаулының негізгі ерекшеліктеріне тоқталып өтейін. Егер бұрын да облыстағы алдыңғы қатарлы спортшыларға арнайы қаражат бөлу қарастырылып келген болса, қазіргі уақытта сол қаржының нақты мөлшерлері бекітілді. Облысымызда бұқаралық спортты дамыту үшін олимпиадалық, сондай-ақ олимпиадалық емес спорт түрлерімен айналысушыларды да қаржыландыру қарастырылып отыр. Мысалы осы уақытқа дейін облысымызда 29 спортшы ай сайынғы ақшалай төлеммен қамтылған болса, олардың 25-і олимпиадалық спорт түрімен айналысатын. Алдағы жылдан бастап осындай төлеммен облысымыз бойынша 115 спортшы қамтылмақ. Мұндай төлем тоғызқұмалақ, шахмат секілді спорттың интелектуалды түрімен айналысушыларға да төленеді. Ең жоғарғы төлем спорттың олимпиадалық түріне тиесілі болмақ. Мысалы, біздің облысымызда олимпиада ойындарынан бірінші орын алған спортшыға ай сайын 500 мың теңге төленбек. Жаңа қаулы тәртібіндегі төлем 2018 жылдың бірінші қаңтарынан басталады. Ол кезде спортшымен келісімшарт жасалады. Келісімшарт негізінде спортшы көрсетілген мөлшердегі ақшалай еңбекақыны облыс бюджетінен алып тұрады. Есесіне әр түрлі спорттық додаларда облыс намысын қорғайтын болады. Тағы бір айта кетер жәйт, облыс бюджетінен еңбекақы алатын, ұлттық құрама сапына енген спортшының көрсететін нәтижесіне байланысты мониторинг жүргізіледі. Нақтырақ айтқанда ол жаттығуға немқұрайлы қараса, спорттық ережелерге бағынбай тәртіпсіздік танытар болса, ел чемпионатында төмен нәтиже көрсетсе, допинг қабылдаса төлем тоқтатылады. Біздің облысымызда қабылданған қаулының тағы бір ерекшелігі - юниорлар және жасөспірімдер де ай сайынғы төлеммен қамтылатын болды. Мысалы жасөспірім спорттың олимпиадалық түрінен Қазақстан чемпионы болса, ол ай сайын 30 мың теңге көлемінде еңбекақы алады. Бұл облыс әкімдігінің спортты әлеуметтік тұрғыда қолдауының айқын көрінісі. Аталмыш бағыттағы төлемдердің мөлшері еліміздің әр өңірлеріндегі мүмкіндіктерге байланысты әртүрлі, - деді брифингте Әсия Рахымқызы. Басқарма басшысы журналистер қойған сауалдарға да жауап берді.

 Роман КОПНЯЕВ, ТДК-42 телеарнасы:

- Әсия Рахымқызы, облысымыз бойынша 115 спортшы арнайы төлеммен қамтылатынына тоқталдыңыз. Осындай еңбекақы алатын қанша жаттықтырушы және құрама команда жетекшілері бар? Бұл бағытта бөлінетін ақшалай қаржының бір жылдық мөлшері қандай шамада болмақ?

 

Әсия АМАНБАЕВА:

- 115 спортшы, 62 жаттықтырушы бар. Спортшылар үшін айына 8 млн. 220 мың, жаттықтырушыларға 2 млн. 293 мың теңге бөлінбек. Сонда шамамен айтқанда жылына 120 млн. теңге көлемінде қаражат бөлініп отырмақ.

 

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале