1.10.2019, 17:37
Оқылды: 345

БҚО-да 216 отбасы баспаналы болды

Орал қаласының Зашаған кентінде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында бой көтерген тоғыз қабатты тұрғын үй қолданысқа тапсырылды.

dom (4)

Бақытты жанұяларға баспана кілтін тапсыру сәтінде облыс әкімі Ғали Есқалиев мемлекет халықтың өмір сапасын арттыруға айрықша мән беретіндігін және тұрғындарды тұрғын үймен қамту ел дамуының басым бағыттарының бірі саналатындығын атап өтті.

dom (1)

– Елбасымыздың бастамасымен қолға алынған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында бүгін өңіріміздегі бақытты отбасылар саны 216-ға артты. Қолданысқа берілген тұрғын үйдің 72 пәтері көп балалы отбасыларға, 29-ы ата-ана қамқорлығынсыз қалған жетім балаларға берілсе, қалған пәтерлерге халықтың әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған санатына жататын азаматтар қоныстанбақ. «Отан отбасынан, отбасы ошақ қасынан басталады» дегендей, тәуелсіз елдің ұстанған саясаты арқасында жайлы баспанада өсіп-жетілген ұл-қыздарымыз болашақта еліміздің тірегіне айналады деп сенемін. Қуаныштарыңыз құтты болсын, шаңырақтарыңызға шаттық, ырыс-береке тілеймін! – деген өңір басшысы Ғали Есқалиев құрылыс жұмыстарын сапалы және уақтылы жүргізген «Альтаир» құрылыс компаниясына алғыс айтуды да ұмытпады.

dom (2)

2001 жылдан бастап құрылыс саласындағы жұмысын бастаған жергілікті компания – «Альтаир» ЖШС-ның құрылыс бойынша директоры Нұрлан Қуанғалиевтің айтуынша, қолданысқа берілген баспана 2018 жылдың көктемінен салына бастаған.

dom (5)

«Төрт подъезді тоғыз қабатты тұрғын үйдің 77 пәтері екі бөлмелі, ал қалғаны бір бөлмелі. Жалпы баспана эконом санатына жатады, бір бөлмелі пәтердің аумағы – 38 ш.м., екі бөлмелісі 62 ш.м. Қазіргі кезде су, электр жарығы, жылуы кіргізілген, әр подъезде заманауи кең жеделсаты іске қосулы. Жобаның жалпы құны – 1,6 млрд. теңге», - дейді Н. Қуанғалиев.

dom (9)

Айта кетерлігі, 2019-2020 жылдары Орал қаласында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жалпы аумағы 88,7 мың ш.м. 1627 пәтерден тұратын 12 тұрғын үй салынуда, жобалардың жалпы құны – 15,5 млрд. теңге. Соның ішінде 10 үй «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларына арналған. Олардың бесеуінің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланған. Жоспар орындалған жағдайда жалпы аумағы 34,2 мың ш.м. 594 пәтер халық игілігіне берілмек. Сонымен қатар халықтың әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған санатына арналған тоғыз қабатты екі тұрғын үй салу жоспарланған. Олардың бірі дәл осы күні салтанатты тапсыру рәсімі өткен баспана болса, қаламыздың солтүстік-шығыс ауданында орналасқан екінші тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.

Аяужан Кереева

суретке түсірген Мейірбек Тажкуранов

zhaikpress.kz

dom (8) dom (7) dom (3)

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале