22.11.2017, 20:56
Оқылды: 1073

БҚО-да «Ақ Жайық - ару мекенім» ән фестивалінің гала концерті өтті

received_767604830104270Бүгін Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, әнші-композитор Д.Қажымов әндерін орындаушылардың ІІ республикалық «Ақ Жайық - ару мекенім» атты ән фестивалінің гала-концерті өтті.
received_767604786770941Ән байқауына Астана, Алматы, Шымкент, Орал қалаларынан және аудандардан барлығы 20 үміткер қатысты. Қазақ әндерінің дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген Д.Қажымов шығармашылығын келер ұрпаққа жалғастыру, сазгер арқылы елдің рухын биіктетіп, ән өнерін дамытуды және жас талантты орындаушылардың жаңа есімдерін ашуды мақсат еткен байқаудың қазылар алқасына ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұрғали Нүсіпжанов төрағалық етті.

received_767604410104312Байқаудың салтанатты ашылуында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев сөз алып, жас үміткерлерге сәттілік тіледі. Өз кезегінде сахнаға көтерілген белгілі ақын Ақұштап Бақтыгереева жас таланттарға ақ батасын берді.
-Бесігін әнмен тербейтін, жоқтауын жырмен айтатын, қолына домбыра берсе, кез-келген жиын-тойда төгілтіп ән салатын өнерлі халықтың ұрпағымыз. Сал Мұхиты, Ғарифолласы, Құрманғазы, Дәулеткерей, Динасы бар батыстың төрінде ән бәйгесі болмауы мүмкін емес. Әсіресе, бүгінгідей еліміз еркіндік алып, өз домбырамыз төрге шығып, өз сахнамыз өзімізге тиген кезде өз таланттарымызды құрметтемеуге қақымыз жоқ. «Ақ Жайығым - айдай ару мекенім» деп Ақжайықтың гимніне айналған ән жазған Донеділ бауырымыздың ән мерекесі қанатын кеңге жая берсін! Өз халқыңның сахнасында өз тіліңде ән шырқау да бақыт түсіне білген адамға. Бүгінгі ән бәйгесіне түскелі тұрған жас таланттарымызға "Ұлттық өнерді қадірлеңіздер, өз дауыстарыңмен, өз жүректеріңмен шырқаңдар!" деп ақ жол тілеу үшін келдім, - деп тебірене сөйлеген Ақұштап ақын өнерлі жастарға ақ жол тіледі.

Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің сүйемелдеуімен ән шырқаған Нұрғали Нүсіпжанов пен Донеділ Қажымовтың әндеріне көрермен ерекше ықыласпен қол соғып, орындарынан тұрып, құрмет көрсетті.
-Бүгін мен үшін әрі қуанышты, әрі қобалжулы күн. «Әркімнің өзіне ыстық туған жері» демекші, осындай үлкен өнер мерекесін ұйымдастырып жатқан ел азаматтарына алғысым шексіз, -деп сөзін сабақтаған белгілі сазгер Донеділ Қажымов ән фестивалін өткізіп жатқан облыс басшылығына, мәдениет қызметкерлеріне және Алматыдан ат арытып арнайы келген белгілі сазгер-әнші Нұрғали Нүсіпжановқа шынайы ризашылығын білдірді.

Екі күнге созылған ән байқауының гала-концертіне әнсүйер қауым көп жиналды. Өнер тойына облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов арнайы келіп, ақ тілегін арнады.

-Екі күн бойы Ақжайықтың төрінде дүбірлі той өтіп жатыр. «Ақ Жайық - ару мекенім» атты республикалық ән фестивалінің екінші мәрте өтуіне себепкер болған Донеділ Қажымов ағамызды мерейлі 65 жасымен құттықтаймыз. Елбасымыз Н. Ә.Назарбаев өзінің бағдарламалық «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында өнерге аса мән бергендігі баршаңызға белгілі. Еліміздің дамуындағы ұлттық құндылықтарымыздың насихатталуы, өнеріміздің шарықтауы біздің елдің дамуына зор үлес қосары сөзсіз. Өнер-біздің рухани қазынамыз! Сондықтан да Ақжайық өңірінен шыққан күй аталарын, жалпы өнер тарландарын әр кез насихаттап жүреміз, - деп сөзін сабақтаған Ғабидолла Оспанқұлов әділқазы алқасының төрағасы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұрғали Нүсіпжановқа және әнші-композитор Донеділ Қажымовқа облыс әкімдігінің атынан сый-құрмет көрсетіп, иықтарына шапан жапты.

Екі кезеңге бөлініп, екі күнге созылған өнер додасының қорытындысында бас жүлде теректілік «Үш қоңыр» триосына, бірінші орын- сырымдық Бекей Қанатовқа, екінші орын-оралдық Мәди Сабыров пен шымкенттік Өсербай Бөріхановқа бұйырды.
Екі күн бойы әнсүйер қауымды театрға жинаған өнер тойында ән фестивалінде жүлделі орынға ие болған жас таланттар өз өнерлерін ортаға салды. Өнер додасының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне естелік сыйлықтар мен арнайы дипломдар табыс етілді.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале