23.11.2018, 17:52
Оқылды: 95

БҚО-да ауыл шаруашылығы саласының үздіктері марапатталды

Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтті.

auyl (2)

Мерекелік жиынға ардагерлер, ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері қатысты. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Игорь Стексов сала мамандарын кәсіби мейраммен құттықтап, түрлі марапаттарды табыс етті.

–Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз Жолдауында «Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру керек» деп агроөнеркәсіп кешені саласының алдына нақты міндеттер қойды. Атап айтқанда, еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейтуіміз керек. Облысымызда «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» жүзеге асырылуда. Бағдарламаның басты мақсаты – нарықта сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы өнімін өндіруді қамтамасыз ету. Аталған бағдарлама аясында 2018 жылы ауыл шаруашылығын қолдауға 13 млрд.теңгеден астам қаржы бөлініп, 2017 жылғы көлемнен 30 пайызға артты. Соңғы бес жылда ауыл шаруашылығы құрылымдарының саны 1,6 есеге артып, бүгінгі таңда 6736 ауыл шаруашылығы құрылымдарында 77 мыңға жуық адам қызмет етуде. Облысымыз қазақтың ақбас сиыры, көшім жылқысы және еділбай қойы тұқымдарының отаны болып табылады. Өңірімізде өндірілген ірі қара және ұсақ мүйізді мал еті, балық өнімдері, ұн және ұннан жасалатын өнімдер, майлы дақылдар, макарон өнімдері және өзге де ауыл шаруашылығы өнімдері Ресей, Испания, Әзірбайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Өзбекстан, Украина, Иран және Қытай елдеріне экспортталуда.

Сонымен қатар жыл басынан бері 27 мың тонна дәнді дақылдар, 39 мың тонна майлы дақылдар, 43 мың тонна бидай ұны экспортқа шығарылды. Біздің аймақтың климаттық жағдайын ескере отырып, күзгі дәнді дақылдар, майлы дақылдар, мал азықтық дақылдар, картоп, көкөніс пен бақша дақылдарының алқаптарының көлемін арттыру көзделуде. Жоғарыда айтылған барлық көрсеткіштерге жетуіміз – біздің ауыл еңбеккерлерінің, соның ішінде құрметті әріптестер, осы залда отырған сіздердің еңбектеріңіз! Сiздер қажырлы еңбектерiңiзбен елiмiздiң экономикасының дамуына ғана емес, қоғамның әлеуметтiк тұрақтылығының нығаюына да қомақты үлес қосып келесiздер, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Игорь Стексов құттықтау сөзінде.

Игорь Валерьевич үлгілі шаруашылық иелеріне ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалін, сондай-ақ «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін тапсырды. Бұдан бөлек ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Құрмет грамотасы», Ауыл шаруашылығы қызметкерлері салалық кәсіптік одағының екінші дәрежелі «Еңбек даңқы» белгісі аталмыш саланың бірқатар қызметкерлері мен шаруашылық басшыларына табыс етілді. Сонымен қатар БҚО әкімінің аталымдары да өз иелерін тапты. Марапатталғандардың қатарында сала қызметкерлері, ірі шаруашылық иелерімен қатар сан салада жұмыс істейтін қарапайым еңбек адамдары да болды. Мысалы, ауыл тұрғындарының ірі қара малдарын келісімшартпен бағып жүрген «Шыңғырлау» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің мүшесі Бақытқали Дошев «Үздік бақташы» аталымымен, Қазталов ауданы Көктерек ауылдық округіндегі «Төлеген» шаруа қожалығының басшысы Анарбек Жаулаубаев «Үздік шопан» аталымымен, ал Ақжайық ауданындағы «Адай Бекет» шаруа қожалығының жылқышысы Аман Имашев «Үздік жылқышы» аталымымен марапатталды. Бұлардан бөлек «Цифрландыру әдісін үздік меңгерген шаруашылық», «Үздік агроном», «Үздік механизатор», «Үздік ветеринар», «Үздік орманшы», «Үздік құс шаруашылығы», «Үздік бау-бақша шаруашылығы», «Үздік қайта өңдеуші кәсіпорын» секілді аталымдар да болды.

Салтанатты жиында ардагерлер атынан сөз алған БҚО ауыл шаруашылығы саласы бойынша ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрлан Ізтілеуов шаруашылықтарды дамытуда суландыру жүйелерін жолға қойып, дамытудың маңызы зор екеніне және бұл бағытта өңірімізде көптеген істер оң шешімін тауып келе жатқанына тоқталды. Ол сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласында жемісті еңбек еткен зейнеткерлерге «Ауыл шаруашылығы ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің «Құрметті ардагер» төсбелгісін тапсырды.

Мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласты.

auyl (1) auyl (4)

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

суреттерді түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ

zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Instagram және Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале