14.09.2017, 12:40
Оқылды: 37

БҚО-да баспасөз тарихына қатысты ауқымды жұмыстар атқарылды

Бұл туралы облыстық "Орал өңірі" және "Приуралье" газеттерінің 100 жылдығына орай өтіп жатқан республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясында "Жайық Пресс" ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин айтты.

- «Жайық Пресс» медиахолдингінің баспасөз тарихын зерттеу орталығының жұмыстары барысында Ордадағы облыстық газеттер ең бірінші рет 1917 жылы «Ұран» газеті болып басылып шыққан ағаш үйдің бір қабырғасына газеттің тұңғыш редакторы Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің суреті бейнеленген ескерткіш тақта орнатылды. 1911 жылы Ордада жарық көріп, кейін баспаханасы Орал қаласына көшірілген «Қазақстан» газетінің баспаханасы орналасқан ғимаратқа да ескерткіш тақта орнатылды. Чапаев көшесі, 39-үй мекенжайындағы бұл ғимарат әлі күнге облыс орталығында сол қалпы тұр.

2014 жылы газеттер тарихын зерттеу мақсатында белсенділер Бөкей ордасында 1911 жылы жарық көрген «Қазақстан» газетін іздеуге кірісті. Осылайша Ресейге аттанған зерттеушілер газеттің тігінділерінің көшірмелерін алып елге олжалы оралды. Кейін газеттегі басылған дүниелер төте жазудан кириллицаға аударылып кітап болып басылды. Оның таныстырылымы Астана қаласында зерттеуші ғалымдардың қатысуымен өтті.

Қос облыстық басылымның бастауында тұрған «Ұранның» небәрі 10 саны Алматы қаласындағы Республикалық кітап мұражайынан табылды. Толық аударылғаннан кейін «Ұран да» кітап болып басылды. Кітап таныстырылымы Алматы-Астана қалаларында өтті. Кітаптар іргелі оқу орындарының кітапханаларына табысталып, қызығушылық танытқан ғалымдарға берілді.

Сапар барысында белсенділер Ғ.Қараштың немересі Надежда Бұрқанқызын тауып, онымен сұқбат жүргізді. Нәтижесінде көптеген мағлұматтар алынып, асылдың сынығынан сан түрлі деректерді жазып алынып, таспаға түсірілді. Осыған дейін асыл атасы туралы көп ешкімге тіс жармаған Надежда апайдың көкейінде зіл боп жатқан шер тарқап, тарихта қалатын естеліктер жинақталды. Кейін Ғұмар ақынмен үзеңгілес болған Е.Бұйриннің да немересін тауып, оның да білген жиғандарын жазып алды, - деді "Жайық Пресс" медиахолдингінің басшысы Ж.Набиоллаұлы.

100 жылдық мерейтой қарсаңында облыстық газетер «Тілші болғың келсе» атты жас журналистер арасында байқау жариялады. Бұл байқау көптеген жас қаламгерлердің шабытын оятып, бірегейінің ғана осы журналистика саласын өз өміріне серік етуіне жол ашты. Байқау жеңімпаздары облыстық «Орал Өңірі» газетіне тілшілік қызметке алынды.

Баспасөз тарихын түгендеушілерінің белсенділігінің арқасында Оралдың Зашаған ауданында газет негізін қалаушылар Ғ.Мұсағалиев пен Е.Бұйринның атымен қос көше аталды. Көше бастауларына олардың суреттері мен өмір жолдары қысқаша баяндалған билбордттар орнатылды.

Газеттердің 100 жылдық тігіндісінің электронды нұсқасы жасалды. Музейлер мен кітапхана қорларынан, жан-жақтан жиналған бұрын соңды табылмаған газет беттері топтастырылып сканерленді. «Жүз жылдыққа – жүз жылдық тігіндімен» бастамасы бойынша газет тігінділері алдымен Ресей мұрағаттары мен Оралдағы БҚО мемлекеттік мұрағаты, Ж.Молдағалиев атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасынан жиналып, кейін жетіпсейтін сандары Алматыдағы «Ғылым ордасы» ғылыми кітапханасының сирек кітаптар, қолжазбалар және ұлттық әдебиет бөлімі мен ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасына арнайы құралдармен жабдықталған мамандар барып сақталған нөмірлердің электрондық көшірмелерін түсіріп алды. Осылайша 100 жылдағы газет тігінділері ортақ электронды базаға енгізіліп, сканерленген түрде мұражайға жиналды. Елбасының «Цифрлі Қазақстан» жобасымен үндесетін бұл жұмыстар газет тігінділерін дер кезінде түгендеп, ретімен жинауға жол ашты.

Бұрын соңды жәдігерлері жиналып, кейін редакция көшіп-қонып жүрген кезде жоғалып, шашылып қалған дүниелер қайта жиналып баспасөз музейі жасақталды. Музейде газеттердің осыған дейінгі алған марапаттары мен қызметте болған журналистердің ұстаған құралдары, сан алуан құнды жәдігерлер қойылды.

Газеттер тарихын зерттеу жұмыстары барысында аласапыран қуғын-сүргін заманда ұлт үшін күресіп, ұлтжандылық танытамын деп халық жауы аталып атылып кеткен 15 газет редакторлары туралы БҚО Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен ІІД-не сұрау салынып, тыңғылықты зерттеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде атылып немесе ұзақ жылдар түрмеге айдалған қайсар журналистер мен газет редакторлары туралы тың деректердің беті ашылды. Олардың құрметіне  фотосуреттері мен өмір жолы қысқаша баяндалған арнайы қабырға дайындалды.

Баспасөз тарихын зерттеу жұмыстарының нәтижесінде жылдар бойы «Жайық Пресс» ұжымы бірнеше газеттің кітап болып басылып шығуына себепші болды.

Заман көшінен қалмаған газеттердің дербес сайттары жасақталып, электронды нұсқасын ғаламтордан әлемнің әр бұрышынан оқуға мүмкіндік ашылды. Облыстың барлық аудандарынан келген ақпараттарды zhaikpress.kz сайты қосымша орталық ретінде таратып отырады.

Мекеме тек газет шығарып ғана қоймай, түрлі тарихи бейне бағдарламаларды түсіруді де қолға алды. Бүгінде баспасөз тарихын зерттеу бағытында бірнеше бағдарлама түсірілді.

100 жылдық мерейтой қарсаңыда «1911.kz» сайты іске қосылып, газеттердің тарихы туралы ғаламтор пайдаланушыларға қажет ақпараттар топтастырылды. Енді газеттерге қатысты ақпарат аламын деушілер әлемнің әр жерінен өзіне қажет дүниені сайт мәзірінен жүктеп немесе таныса алады.

Сонымен қатар ұлт зиялысы, Батыс қазақстанда газет ісінің негізін қалаушы тұлға Ғ.Қараштың өмірі мен шығармашылығы туралы ақпарат жиналған gumar.kz сайты өз жұмысын бастады. Сайтта шайырдың өмір жолы, шығармалары және қызмет еткен еңбек жолдары туралы кеңінен ақпарат берілген.

Жүз жылдық мерейтой аясында Ғұмар ақынның өлеңдер жинақтарының аудио нұсқасы дискіге жазылды. Ақын шығармаларын оқып қана қоймай, мәнеріне салып оқылған бұл аудио кітап тыңдармандармен жылы қабылданды.

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале