20.06.2018, 18:12
Оқылды: 30

«БҚО-да білікті жаттықтырушылар жеткіліксіз»

35659848_178212982852144_2664399867064877056_nӨңірлік  коммуникациялар қызметі алаңында «БҚО-дағы олимпиадалық және бұқаралық спорт түрлерінің дамуы мен болашағы туралы»  баспасөз мәслихаты өтті.

Облыстық  дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаеваның айтуынша, биыл олимпиадалық спорт түрлері бойынша Ұлттық құрамалар сапына  237 батысқазақстандық спортшы іліккен. Яғни жазғы олимпиадалық спорттан  205,  қысқы олимпиадалық  спорт түрінен 32-сі болашақта спорттық додаларда өнер көрсетпек. Былтыр Ұлттық құрама сапында  219 спортшы болған еді. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының  спортшылары олимпиадалық емес 26 спорт түрінен, жазғы олимпиадалық 24 спорт түрінен,  қысқы олимпиадалық 4 спорттан, паралимпиадалық 20спорттан,  ұлттық спорттың  8 түрі бойынша саралаудан өткен.

Ағымдағы жылдың бес айында Қазақстан Республикасының чемпионаттарында бақ сынаған 46 жасөспірім,   34 ересек, 12 жас жүлдегер атанған.

Өңірде 23 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі болса, оның екеуі олимпиада резервінің мамандандырылған  жасөспірімдер мектебі екен.

Сонымен қатар  олимпиада резервтерін даярлау орталығы, облыстық жоғары спорттық шеберлігі мектебі, спортта дарынды балаларға арналған мамандандырылған облыстық мектеп-интернаты, 11 спорт клубы, оның ішінде «Ақжайық» спорт клубы, «Жайық» волейбол клубы, «Ақжайық» футбол клубы секілді кәсіпқой клубтар жұмыс істейді.

-Республикалық, халықаралық спорттық-бұқаралық және сауықтыру іс-шараларының күнтізбелік жоспарына 554 спорттық шара енгізілді. Бүгінгі күні аталған жоспардың 83,1 пайызы орындалды. Бұл көрсеткіш күнтізбелік жоспардың сапалы бекітілгенін және қаржының тиімді игерілуде екенін көрсетеді.

Қысқы олимпиадалық спорт түрлерін, соның ішінде шаңғы жарысы, сондай-ақ жеңіл атлетика бойынша білікті жаттықтырушылардың жеткіліксіздігінен аталмыш ойын түрлерін дамытуда қиындықтар кездесіп отыр,-деді Әсия Рахымқызы.

Облыста балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінде олимпиадалық спорт түрлерінен үш халықаралық дәрежедегі спорт шебері және  25 спорт шебері, 270 спорт  шеберлігіне кандидат болса, 327 спортшының I-ші разряды  бар екен.

Былтыр өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы аясында          жергілікті бюджет есебінен аудандарда  24 спорттық алаң бой көтерсе, Орал қаласында «Самұрық Қазына Траст» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры және «Street Workout» Қазақстан қауымдастығы есебінен 10  спорттық алаң  салынып, пайдалануға берілген. Сондай-ақ былтыр ҚПО б.в компаниясының есебінен Бөрлі ауданының Ақсай қаласында және жергілікті бюджет есебінен Зеленов ауданының Переметный ауылында 160 орынға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынған. Қазіргі таңда ҚПО б.в компаниясының есебінен Бөрлі ауданының Бөрлі ауылында спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Аталмыш кешен тамыз айында пайдалануға берілмек.

-Батыс Қазақстан облысы бойынша  Орал қаласы мен Бөрлі ауданында ғана дербес дене шынықтыру және спорт бөлімдері бар.  Қалған 11 ауданда мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімдері жұмыс істейді. Ауылдық округтерде спорт клубтарының нұсқаушы-әдіскерінің жоқтығына байланысты  бұқаралық спортты дамыту жұмысымен жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың мамандары айналысып отыр. Барлық дамытылатын 27 олимпиадалық спорт түрінен ауданда 16-сы ғана дамытылып келеді. Биылғы оқу жылында әйелдер күресі мен тоғызқұмалақтан бөлімшелер ашылды. Олимпиада резервтерін даярлау орталығында академиялық есу, бокс, грек-рим күресі, еркін күрес, әйелдер күресі  велоспорт, шорт-трек, садақ ату, таэквондо, волейбол, жеңіл атлетика, ауыр атлетика секілді спорт түрлері дамытылуда. Аталмыш мектеп-интернатында  247 бала тәлім алып, 26  жаттықтырушы қызмет етіп жүр. Жас спортшылардың 44-і Ұлттық құрама командасының мүшелері. Спортта  жетістікке  жету үшін ең бірінші жаттығу орындары техникалық жарақтануы керек. Кейбір аудандарда спорт залдарының жоқтығына байланысты  жаттығу сабақтары жеке тұлғаларға немесе түрлі кәсіпорындарға тиесілі спорт залдарында өткізілуде. Қазір 12 ауданның жетеуінде бұқаралық спортты дамыту бойынша спорт клубтары жұмыс жасайды. Олар Ақжайық ауданындағы «Жігер», Бөрлідегі «Ақсай», Қазталов ауданындағы «Айбын», Қаратөбе ауданындағы «Қаратөбе», Сырымдағы «Қайсар», Тасқаладағы мәдени-сауықтыру клубы мен Шыңғырлаудағы «Шыңғырлау спорт клубы»,- деді   облыстық  дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының ведомстволық статистикалық есебіне сүйенсек, былтыр дене шынықтырумен жүйелі айналысушылардың саны бойынша жоғары көрсеткіш Шыңғырлау ауданы мен Орал қаласында болса, ең төменгі көрсеткіш Жаңақала мен Қаратөбе аудандарына тән болып отыр

                                                                  Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале