13.10.2017, 16:49
Оқылды: 915

БҚО-да биыл терроризмге қатысты 12 қылмыстық іс қозғалған

 

5b003b7f-ff76-4e59-8613-7a396f920782Биыл Батыс Қазақстан облысында экстремизм мен терроризмді насихаттап, діни алауыздық тудыруға бекінген 11 тұлғаға қатысты қозғалған 12 қылмыстық іс бойынша айыптау үкімі шықты. Бұл жайында «Тұрақтылық кепілі – қауіпсіздік» жобасы бойынша БҚО өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте облыстық прокуратураның бөлім басшысы Алмас Оңаев хабарлады.

Брифингте облыстық дін істері басқармасының басшысы Саялбек Ғиззатов жоба ауқымында 11 қыркүйек – 11  қазан күндері аралығында Орал қаласы мен Жаңақала, Бөрлі, Теректі, Сырым, Ақжайық, Зеленов аудандарында кешенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін айтты. Оған жергілікті теолог мамандармен қатар, республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері және психолог мамандар қатысқан. Өңірімізде 34 маманнан құралған 5 топ бірнеше бағытта жұмыстанды. Мәселен, зайырлы ортада 14 мыңнан астам ақпараттық-түсіндіру шаралары өтті. Жоба бойынша «қауырт желі» мен «сенім телефонының» нөмірлері көрсетілген үлестірмелі парақтар, ақпараттық-танымдық материалдар  таратылды. Сонымен қатар, аудандарда әйел жамағатына арналған дәрістер ұйымдастырылды. Ақпараттық-түсіндіру тобының өкілдері діндар азаматтармен және деструктивті діни ағым мүшелерімен жекелей кездесіп, дәстүрлі діни бағыттарды түсіндірді.

– Жоба бойынша жасы 18 бен 69 аралығындағы 1 мың тұрғынның қатысуымен әлеуметтік сауалнама ұйымдастырылды. Сауалнамада оларға еліміздегі және өңіріміздегі діни ахуалмен қаншалықты таныс екені жөнінде сұрақ қойылды. Қатысушылардың 85,8 пайызы «жақсы білетінін» айтса, 4,9 пайызы бұл сала «қызықтырмайтынын», 5,9 пайызы «жауап беруге қиналатынын», 3,4 пайызы діни ахуалды зерттеуге «уақыты жоқ екенін» көрсеткен. Мұның алдындағы сауалнамада 72 пайызы жақсы білеміз деп жауап берген еді. Яғни, «Тұрақтылық кепілі – қауіпсіздік» жобасынан кейін әлеуметтік зерттеу қорытындысы оң нәтиже көрсетті. Жоба ауқымында ақпараттық-түсіндіру шаралары келесі жылы басқа аудандарда жалғасын табады, – деді Саялбек Ғиззатов.

Облыстық дін істері басқармасы басшысының сөзінше, біздің облыстағы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы теріс діни ағымдардың алдын алу бағытында материалдар жариялау көрсеткіші республика бойынша жоғары деңгейде. Сонымен қатар, интернет-ресурстар мен әлеуемттік желілерді тиімді пайдалану қарастырылған. Мемлекеттік органдар мамандарының тұрақты талдауы нәтижесінде Facebook,VK желілері мен Youtube арналарында радикалды діни идеяларды насихаттайтын материалдар азайып келеді. Енді теріс ағымдар WhatsApp, Telegram, Zello әлеуметтік желілері арқылы белсенділік танытуға көшкен.  Саялбек Ғиззатов биыл интернет-ресурстарындағы 240-тан астам гиперсілтемені жою жөнінде тиісті органдарға ұсыныс хат жолданғанын хабарлады. Облыстық прокуратураның бөлім басшысы Алмас Оңаевтың айтуынша, елімізде соңғы 5 жылда экстремизм мен терроризмді насихаттайтын 1 мыңнан астам сайт жабылған. Бірақ шетелдік контенттерді бұғаттау оңай емес. Себебі біреуін жапса, дәл сол нұсқада басқа сілтемемен екінші ресурс іске қосылады. Соған байланысты бірқатар заңнама талаптары жетілдірілген. Бұрынғыдай сот органдарына талап арызбен жүгінбей-ақ, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне ұсыныс жасап, министрлік ұйғарымымен теріс пиғылды сайттарға тыйым салуға болады.

Экстремизм мен терроризм оқиғалары діни ахуалға ғана емес, әлеуметтік себептерге де байланысты орын алады. «Тұрақтылық кепілі – қауіпсіздік» жобасы бойынша мемлекеттік органдар өкілдері бизнес ортаны дамыту, әлеуметтік мәселелерді шешу, ақпараттық саясат бағытын түсіндіру және лаңкестік актілерге дайындық барысы бойынша аудандарда сала басшыларына құқықтық кеңес беріп, тұрғындармен кездесулер ұйымдастырған. Бұл жайында облыс әкімі аппаратының терроризмге қарсы комиссия жұмыстары бөлімінің бас маманы Данияр Уәлиахмет баяндады.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ

zhaikpress.kz

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале