4.08.2017, 17:46
Оқылды: 30

БҚО-да дала өртін сөндіруге балаларға дейін қатысқан

Биылғы жылдың басынан бері БҚО-да жалпы ауданы 1769 гектарды шарпыған 90 өрт тіркелді. Мамандар мұны өткен жылғы сәйкес кезеңдегі көрсеткішпен салыстырғанда 2,5 есеге өсіп отыр деседі. Бұл туралы және аймақтағы өртке қарсы іс-шаралар туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында жан-жақты айтылды.


-Бүгінде үш ауданда төтенше жағдайлар тіркелді. Қазталов ауданындағы өрт салдарынан 598 ұсақ мал отқа күйіп өлді. Ақжайық ауданында өрттің кесірінен электр бағандары жанып, үш ауыл үш тәулік бойы электр жарығынсыз қалды. Бөкей ордасы ауданында да дала өрті жиіледі. Өрт қауіпсіздігі кезеңі басталмай тұрып, биылғы сәуір айында облыс әкімімен тиісті жоспар бекітілген-ді. Онда өрттің алдын алу шаралары жан-жақты қамтылды. Жоспар бойынша көптеген жұмыстар атқарылды, әлі де істелуде, - деді БҚО Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары А.Ахметжанов. Оның айтуынша, Қаратөбе ауданында өрт салдарынан 37 электр бағаны жанып кеткенімен, электр қуатымен қамтудағы кідіріс ұзақ болмаған.

30 шілде – 2 тамыз аралығында Қазталов ауданы Талдыапан ауылдық округіндегі Қособа елді мекенінің аумағында болған дала өртінен 598 ұсақ мал қырылды. «Өрт келе жатқанда мал қайырусыз қалған. Қой бағушы 1990 жылғы азамат 80 пайыздың үстінде күйік алды. Оны Жалпақталға ауруханаға жеткіздік. Екі күн тиісті дәрігерлік көмек алды. Одан кейін санавиациямен облыстық ауруханаға жеткізіліп, емделуде. Қособа елді мекенінде 227 адам тұрады. Ауылдағы 27 ауланың 14-інде мал ұстайды. Қазір келтірілген шығынды анықтау бағытында комиссия құрылып, жұмыс істеп, нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес залал өтемақысы мәселесі шешілуде. 598 малдың шығынын түгелдей бюджеттен жабуды көздеп отырғанымыз жоқ. 16 округтің ауыл тұрғындары, шаруашылықтар, кәсіпкерлер, жалпы халық болып жылу жинап, 298 ұсақ жандықты өзіміз өтемекпіз. Қалған 300 бастың өтемі комиссия қорытындысынан кейін төленетін болады. Өрттің салдарынан мал азығы болмай қалады деген қауіп жоқ. Шөп шабатын шабындықтармыз бар, - деді брифингте Қазталов ауданы әкімінің орынбасары Нұретдин Құтқожин.

Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары Асқар Әбуғалиевтің айтуынша, өткен жылы аудандағы дала өрттері  тамыз айында басталса, биыл құрғақшылыққа байланысты алғашқы өрт мамыр айының соңында тіркелген. Биыл аудандық бюджеттен өртке қарсы қам-қарекетке  16 млн. теңге бөлінген. «Соңғы дала өртінде ауқымды далалық алқаптың жанып кетті. Өрт Базаршолан ауылына жақындап қалғандықтан, барлық күш ауылды, ауыл қасындағы тоғайды сақтап қалуға жұмылдырылды да, өрт далаға тарап кетті. Мал-жан аман, даладағы 3 мың гектардай шөп отқа оранды. Шабдаржап, Ескі Есім, Жаманқұдық ауылдарына баратын 180 электр бағаны жанып кетті. Бүгінде Шабдаржапқа, Ескі Есімге электр жарығы берілді. Орталықтан 60 шақырым жердегі Жаманқұдық ауылына жарық беру жұмыстары жүргізілуде. Комиссия шығындарды анықтап жатыр. Зардап шеккен адамдарға барынша көмек көрсетіледі»,- деді Асқар Әбуғалиев. Оның айтуынша, тұрғындарды арзан қыстық мал азығымен қамтуға аудандағы азаматтар және көрші аудандар көмек қолын созуда. «Жалпы Базаршолан ауылы маңындағы өртті сөндіруге 100-ге жуық техника жұмылдырылып, 500-дей адам қатысты. Мектеп оқушылары да қолұшын беруге келді. Оқыс оқиға болмас үшін оларды кері қайтардық. Айналадағы  бес округтің тұрғындары өз еріктерімен келіп, өрт сөндіруге белсене атсалысты. Бастамада жеделділік жағы кемшін түскенін мойындаймыз. Өрт сөндіруге  халықтың көмегі көп болды», - деп қорытты сөзін А.Әбуғалиев.

 Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале