12.10.2018, 19:02
Оқылды: 94

БҚО-да еңбек адамына құрмет көрсетілді

Еңбек күніне орай еңбек әулеттері мен жұмысшы мамандық иелері арасында «Еңбек жолы» республикалық конкурсы белгіленген болатын.

DSC_0231

Жұмысшылардың мәртебесін арттырып, мерейін асырған бұл күні Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрында осы  байқаудың облыстық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттаған форум өтті. Өңірдегі әр саланың майталман мамандарының басын қосқан шараны облыс әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаева мерекелік лебізімен ашты.

- Елбасы Жалпыға ортақ еңбек қоғамын қалыптастыру аясында еңбек адамының беделін көтеру, еңбек өнімділігін арттыру, көп жылдық өтілі бар еңбек әулетінің дәстүрін сақтау мақсатында Еңбек күнін бекіткен болатын. Бұл күн жастар арасында жұмысшы мамандығын дәріптеуді де  көздейді. Елбасы биылғы Жолдауын «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» деп жариялады. Бұл – еліміздің әр азаматының еңбегі бағаланып, экономиканың дамуына үлес қосып жүрген жандарды құрметтеу деген сөз. Елбасы әрдайым қазақстандықтарды ел игілігі үшін табысты еңбек етуге шақырады, - деген Бибігүл Тишанқызы жиылған қауымға облыс әкімі мен өз атынан лебізін білдірді.

Бұдан соң облыс әкімінің орынбасары «Үздік еңбек әулеті» аталымы бойынша белсенді қатысқан 10 отбасыға сый-сияпат табыстады. Ал осы аталым бойынша бірінші дәрежелі дипломмен Орал қаласындағы Сәтбаевтар әулеті марапатталды. Олар енді республикалық байқауда бақ сынайтын болады. БҚО Кәсіподақтар орталығының төрағасы Ербол Салықов «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» аталымы бойынша тоғыз тәлімгерді марапаттады. Ал Бөрлі ауданындағы «Конденсат» АҚ өңдеу цехының басшысы Сырым Қожантаев жастардың үздік тәлімгері атанып, республикалық байқауға жолдама алды. «Өндірістің үздік жас маманы» аталымы бойынша Орал қаласындағы «Батыс су арнасы» ЖШС инженері Армат Ғизат пен онлайн дауыс берумен озып шыққан «Теректі май комбинаты» ЖШС-ның электригі Мейрамбек Зиенғалиев жеңімпаз атанды. Үздік шыққан және осы аталым бойынша белсенді қатысқан  жастарды облыс әкімінің кеңесшісі, «БҚО мүгедектерінің ерікті қоғамы» ҚБ төрағасы Жұмажан Қожжанов құттықтап, мерекелік лебізін білдірді.

Байқаудың әр аталымына белсенді қатысқандармен қатар үш аталым бойынша екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталған жүлдегерлерге де бағалы сыйлықтар табысталды. Еңбектің дәмін татып, экономиканың дамуына өзіндік үлес қосып жүрген жандардың басын қосқан шара концерттік бағдарламаға ұласты.

Ясипа РАБАЕВА,

zhaikpress.kz

DSC_0238 DSC_0223

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале