8.11.2019, 19:12
Оқылды: 360

БҚО-да енді салынатын кардио корпустың жобасын мамандар талқылады

Бүгін Орал, мұнай, газ салалық технологиялар колледжінде алдағы жылы құрылысы басталатын кардиологиялық корпустың жобасы 3D форматында аталмыш орталық мамандарының назарына ұсынылды.

           Негізгі мақсат – үздік технологияны пайдалана отырып, бой көтергелі тұрған нысанның артық-кем тұстарын сол жерде жұмыс жасайтын мамандармен ақылдасып реттеу арқылы кемшіліктерге жол бермеу. Өңіріміздегі құрылыс саласында іске асқалы тұрған BIM технологиясы тәжірибе алаңына облыс әкімі Ғали Есқалиев арнайы келді.

kardio (1)

– Қазіргі күнде жобаны сәтті іске асыру үшін ақпараттық технологиялар кеңінен пайдаланылады. Осы қажеттіліктерді жаңа деңгейде іске асыру үшін ең үздік BIM технологиясын құрылыс саласында қолдануды бастадық. Бұл алғашқы тәжірибеміз. BIM технологиясының басты артықшылығы – тұтынушыларымен келісе отырып, кемшіліктердің алдын алуға болады, - деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Тәжірибе алаңына келген облыстық кардиологиялық орталықтың ұжымы 3D форматтағы нысанның ішіне кіріп, кабинеттерін аралап, ойларын ортаға салды.

kardio (3)

Алдағы жылдары қалалық көбейінді аурухана жанынан бой көтеретін кардиологиялық емдеу корпусы 160 кереуетке есептелген. Бірінші қабатта ангеографиялық операциялық және 8 терапия палаталары (ИТП), фотозертхана орналаспақ. 2-5 қабатта науқастарға арналған палата қарастырылған. Әрбір палатада санитарлық тораптар бар. Әр қабатта медбике бекеті, пациенттерге қызмет көрсетуге арналған кабинеттер, емшара бөлмесі, талдау жинау бөлмесі, таңу бөлмесі, ЭХО кабинеті болады деп жоспарлануда. Бүгінгі күні жоба кешенді сараптамадан өтуде.

– 2020 жылы салынғалы тұрған кардио корпустың жобасын қарап шықтық. Қазіргі орталық 140 керуетке есептелген болса, енді 160 кереуетке салынбақ. Өзіміздің дәрігерлерімізбен бірге келіп, құрылыс жобасымен танысып, ұсыныстарымызды ортаға салдық. Біздің ұсыныс-пікірлеріміз құрылыс кезінде ескеріледі. Қазіргі кардио орталық бұрынғы шипажайдың орны ғой. Сондықтан бой көтергелі тұрған кардио корпустың типті түрде, заман талабына сай, пациенттерге қажетті бар жағдай жасалып, салынатыны бізді қуантады, - дейді облыстық кардиологиялық орталықтың емдеу ісі жөніндегі орынбасары Эльмира Сүйеуғазиева.

kardio (2)

            Гүлжамал Жолдығали

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале