8.06.2020, 12:19
Оқылды: 134

БҚО-да эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз болып тұр

Бүгінгі дерек бойынша облыс көлемінде коронавирус дертін жұқтырғандар саны 818 адамға жетті. Оның 326-сы сырттан әкелінгендер санатына жатқызылса, 442 адам індет жұқтырғандармен тікелей қарым-қатынаста болғандар. Науқасқа шалдыққандардың ішінде 116 медицина саласының қызметкерлері бар.

Brifing (1)

Бұл деректер БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев пен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Каюпов қатысқан баспасөз мәслихатында мәлім болды.

- Бүгінгі таңда облыстағы эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз. Карантиндік шаралардың жеңілдетілуі аурудың өсуіне әкеліп соқты. Өткен жексенбідегі жағдай бойынша 100 тұрғынға шаққанда аурушаңдық көрсеткіші 124,6 кұрады. 14 жасқа дейінгі балалар арасында 42 жағдай тіркелді. 7 маусым күні облысымызда 13 жағдай анықталған болса, оның алтауы коронавирус инфекциясын жұқтырғандармен қарым-қатынаста болғандар. Бүгінгі күні коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың көбі Орал қаласында тіркелген, дегенмен аудандарда тіркелгендер саны да аз емес. Бұлардың барлығы тұрғындардың карантин талаптарын әлі де толық орындамайтындығын көрсетеді. Статистикалық деректерге сүйенсек, Ақжайық ауданында – 5 жағдай, Бөкей орда ауданында – 2, Бөрліде – 15, Жаңғалада – 4, Жәнібекте – 11, Бәйтеректе – 34, Қазталовта – 1, Қаратөбеде – 2, Сырымда – 12, Тасқалада – 28, Теректіде – 20, Шыңғырлауда – 2, ал Орал қаласында – 633 жағдай тіркелді.

3 маусымнан бастап, 166 жағдайда симптомдары жоқ науқастар тіркелді. Олар үйлерінде  оқшауланып, күнделікті бақылауда болады. Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен коронавирус инфециясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында өңір бойынша санитарлық-эпидемиологилық талаптардың орындалуына бақылауды күшейтуді, оның ішінде шектеу шараларын күшейту мүмкіндігін қарастыруды тапсырған болатын. Соған орай 6 маусымнан бастап БҚО бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысымен карантиндік шаралар күшейтілді. Атап айтқанда отбасылық іс-шараларды өткізуге тыйым салынып, қоғамдық көліктің жүру уақыты мен базарлардың жұмыс кестесі шектелді, - деді Н.Мұстаев.

Спикер сондай-ақ Сырым ауданының Жымпиты ауылы, Жәнібек ауданындағы Борсы, Қамысты елді мекендерінде және Тасқала ауданының Тасқала ауылында карантиндік режим сақталатындығын айтты. Сондай-ақ өткен аптада Қаратөбенің  Саралжын ауылы тұрғынынан коронавирус жұқпасы анықталғандықтан аталған ауылға блокбекет қойылғанын мәлімдеді.

Өңірдің бас дәрігері Болатбек Каюповтың айтуынша, бүгінде инфекциялық стационарға 143, провизорлық стационарға 18, карантиндік стационарға 130 науқас жатқызылған. Дерт жұқтырғандардың ішінде 14 жасқа дейінгі сегіз бала бар. Ауруға шалдыққандардың 52-сі індеттің жеңіл, 78-і орташа, жетеуі ауыр жағдайда. Күні бүгінге дейін 368 адам стационардан емделіп шыққан.

Нұрбек Оразаев,

 zhaikpress.kz

 Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале