28.08.2017, 17:52
Оқылды: 21

"Кооператив құру шараларын ұғынықты тілмен түсіндіру керек"

БҚО әкімі Алтай Көлгінов өз есебінде облыс аумағындағы мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, инвестиция тарту, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, жұмыспен қамту, ауыл шаруашылығы саласын дамыту бағытындағы атқарылған істер мен алда тұрған міндеттерді тілге тиек етті.


–  Елбасының биылғы Жолдауы ауыл шаруашылығының дамуына жаңаша серпін берді. Атап айтсақ, ауыл шаруашылығы саласындағы инвестиция көлемі 5 есеге өсті. Облысымызда қуаттылығы жылына 7 000 тонна болатын жаңа құс фабрикасы, ірі қара және ұсақ мал терісін өңдейтін фабрика, макарон фабрикасы салынуда. Өздеріңізге белгілі, Елбасы ауыл шаруашылығы салында жаңа егіс алқаптарын игеру, пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару, өндіріс және тұтыну кооперативтерін құру, ветеринарлық қауіпсіздікті күшейту, суландыру құрылыстарын қайта қалпына келтіру, агроөнеркәсіп өнімдерінің көлемі мен өңдеу сапасын арттыру туралы нақты тапсырма берген болатын. Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 0,6 пайызға өсіп, 56 млрд.теңгені құрады. Мал шаруашылығында мал мен құстың тірілей салмағы 2,6 пайызға, сүт 0,6 пайызға, жұмыртқа өндірісі 6,3 пайызға өсті. Маусым қорытындысы бойынша биылғы жылы егіс алқаптарынан түсетін өнім былтырғы жылмен салыстырғанда 10 пайызға артық жиналады деп күтілуде. Бүгінгі таңда өңірімізде 42 кооператив құрылып, оның 31 кооперативі 20-дан астам мүшені біріктіріп отыр. Аудан әкімдерінің алдында кооперативтерді қажетті техникамен, ресурстармен және инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселесі тұр. Мұның басым бөлігі агробизнесті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар аясында қамтылады. Енді тек шаруаларға рәсімдеу шаралары туралы ақпаратты ұғынықты тілмен және бюрократиясыз түсіндіру керек, – деді Алтай Көлгінов.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»

 

 

Нұрбек ОРАЗАЕВ
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале