26.04.2019, 11:11
Оқылды: 161

БҚО-да қайта жасалған қылмыс саны азайды

Өткен жылдың қаңтар айы мен биыл наурыз айы аралығында бас бостандығынан айыру орындарынан 418 батысқазақстандық босап шыққан. Олардың 73-і, яғни 17,46 пайызы қайта қылмыс жасап, темір торға тоғытылған. Бұл туралы облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұловтың төрағалығымен өткен консультативтік кеңесші органның отырысында айтылды.

qylmys

- Сотталғандарды әлеуметтендіру бірнеше кезеңнен тұратын өте ауқымды әрі маңызды жұмыс. Бірінші кезеңде сотталушыларды түзелу жолына түсіру, яғни, бостандыққа даярлау, екінші кезеңде жазасын өтеген соң, әлеуметтік бейімдеу және бұрынғы сотталғандардың қоғамдық көзқарастарын өзгерту. Сотталғандар қылмыстық жазаларын өтеп бостандыққа шыққан кезде түрлі кедергілерге тап болып жатады. Сол себепті олардың бостандықтағы өмірі, жұмысқа орналасуы, әлеуметтік бейімделуі мәселелері жан-жақты шешілуі тиіс. Бұл ең алдымен қайта жасалатын қылмыстардың алдын алу үшін қажет. Мемлекеттік құрылымдар, үкіметтік емес ұйымдар, жалпы қоғам болып бірлесіп, сотталған азаматтарға көмек көрсету жайын пысықтауымыз қажет, - деді облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша сөз алған облыстық қылмыстық атқару-жүйесі департаменті бастығының орынбасары, әділет полковнигі Манарбек Ғабдуллин аумақтық пробация қызметтерімен сотқа дейінгі және пенитенциарлық пробация бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесін баяндады.

-Еліміздегі қылмыстық жазаны ізгілендіру мақсатында жылдан-жылға қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жаза бойынша сотталғандардың саны артып келеді. Пробацияның мақсаты - күдіктінің, айыпталушының мінез-құлқын түзеу, сотталған адамды әлеуметке қосу, қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінен босатылған адамды әлеуметтік бейімдеу және оңалту арқылы қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жәрдемдесу болып табылады. Бұл міндеттер пробация қызметкерлеріне жүктелген. Биыл үш айда облыстық пробация қызметі 2 390 сотталушыға қатысты жүзеге асты. Бірлескен іс-шаралардың нәтижесінде осы үш айдың ішінде өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда қайта жасалған қылмыстар саны азайды,-деді Манарбек Серікқалиұлы.

Облыстық ҚАЖД пробация қызметіне басшылық ету бөлімінің бастығы, әділет майоры Ләйла Ахметқалиеваның мәлімдеуінше, биыл алғашқы тоқсанда пробациялық есепте тұрған 171 сотталған жұмысқа орналасса, 432 сотталғанға бір жолғы еңбекақы берілген. 150 адамға медициналық және 1200 адамға психологиялық көмек көрсетілген. Облыс аудандарында сотқа дейінгі пробация қызметіне 12 сотталған жүгінген. Жалпы қазіргі таңда БҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті мекемелерінде 1091 сотталушы жазасын өтеуде.

Консультативтік кеңесші органның отырысында бас бостандығынан айыру орнындағы сотталғандарды әлеуметтік бейімдеу мәселелері де жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар, сотталған азаматтарда радикалдық идеологияға қарсы иммунитетті қалыптастыруға және радикалданудан бас тартуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру  барысы да назардан тыс қалмады.

Кеңесте сөз алғандар бостандыққа шыққан сотталғандарды әлеуметтендіру, олардың туған-туыстарымен үзілген байланыстарын қалпына келтіру, түзету мекемесінде алған мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына жәрдемдесу мәселелерінің маңыздылығына тоқталды. Бас бостандығынан айыру мекемелерінде теолог мамандардың тапшылығы, мекеме жанындағы «Орал колледжінде» қосымша тігінші және аспаз мамандығын ашу, кешкі мектептегі компьютерлерді жаңалау, кітапхана қорын молайту және тағы басқа шешімін күткен мәселелер талқыланды. Режимдік мекеменің өндірістік базасына кәсіпкерлерді көбірек тарту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу мүмкіндігі туралы да айтылды.

Жиынға қатысқан «Ауғанстан ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Олег Пимонов Орал қаласы мен аудандарда «Кітап сыйла!» акциясын ұйымдастырып, түзету мекемесіндегі сотталғандарды көркем әдебиетпен қамтамасыз ету туралы ұсынысымен бөлісті. Ардагер жауынгердің бұл ұсынысын құптаған облыс әкімінің орынбасары Ғ.Оспанқұлов пен кеңес мүшелері жеке кітапханаларындағы кітаптарды сыйға тартатынын жеткізді.

Динара Жұмабекқызы,

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале