8.09.2018, 15:11
Оқылды: 83

БҚО-да «Сабантой» мерекесі тойланды

Бүгін Тұңғыш Президент алаңында Қала күніне орай мерекелік шаралар легі ұйымдастырылып, қала тұрғындары мен қонақтарына керемет көңіл күй сыйлады. Шараға Татарстан Республикасының Президенті Рустам Минниханов, облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысып, баршаға ізгі тілектерін жолдады.

alandagy mereke (16)

Татар елінің мемлекет басшысы Р. Минниханов ұлтаралық татулық пен береке-бірлік орнаған өңірімізді Қала күні және Сабантой мерекесімен құттықтап, ұлттар достығын сақтау және насихаттау жолында белсенділік танытып жүрген БҚО ҚХА төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғ. Қапақовты, «Ғ. Тоқайдың Еуразия мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы ТР-ның Қазақстандағы уәкілетті өкілі Денис Валеевті алғысхатпен марапаттап, «Татар мәдени орталығы» қоғамдық ұйымының төрайымы Ф. Миликееваға алғысхатпен қатар жеңіл автокөлік кілтін табыс етті.

 «Сабантой – 2018» республикалық мерекесі аясында «Корэш» белдік күресі бойынша ҚР абсолютті чемпионаты ұйымдастырылып, онда БҚО, Қостанай және Ақтөбе облыстарынан келген 15 балуан бақ сынады. Тартысты белдесулер қорытындысында ақтөбелік Нұржан Иса және өңір намысын қорғаған Павел Зулюков үшінші орынды тең бөліссе, облысымыздың тағы бір балуаны – Олжас Сүлейменов екінші орыннан көрінді. Қостанай облысынан келген Талғат Жиентаевтың бабы мен бағы қатар шауып, абсолютті чемпион атанумен қатар Татар елінің Президенті Р. Миннихановтың қолынан жеңіл автокөліктің кілтін алды.

Одан соң қадірменді қонақтар Татарстан Республикасы Ақтаныш ауданының этноауылына барып, Сабантой мерекесіне орай татар халқының ұлттық тағамдары мен салт-дәстүрін, өнерін таныстыру мақсатында ұйымдастырылған көрмені аралады.

Мерекелік думан барысында облысымыздың 12 ауданы киіз үй тігіп, әр аудан қазақтың салт-дәстүрінен көрініс көрсетті. Алаңға жиналған көпшілік Дәулеткерей атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен облыс өнерпаздары және әр ауданнан келген көркемөнерпаздар ұсынған концерттік бағдарламаны тамашалады.

Аяужан КЕРЕЕВА,

Zhaikpress.kz

alandagy mereke (14) alandagy mereke (17) alandagy mereke (19) alandagy mereke (21) alandagy mereke (22) alandagy mereke (25) alandagy mereke (26)

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале