20.06.2017, 22:14
Оқылды: 132

БҚО-да киіктерді қырып келген қылмыстық топ құрықталды

Кеше Қазталов ауылында бірнеше үйге тінту жүргізіліп, үй иелері тұтқындалып жатыр деген ақпарат жеткен болатын. Бұл ірі операция жайлы БҚО Ішкі істер департаменті бүгін ресми ақпарат берді.

БҚО ІІД Тергеу басқармасының тергеу бөлімінің бастығы Махамбет Темірбаевтың айтуынша, кеше Қазталов және оған көршілес аудандарда ішкі істер құрылымдарының бірлескен кең ауқымды жедел іздестіру шаралары өткізілген. Қазталов ауылындағы 15 тінту шарасы нәтижесінде бұлтартпас айғақтармен заңсыз аң аулаушылар ұсталған. Ең сорақысы, заңмен қорғалған жануарларды қынадай қырғандардың арасында керісінше оларды қорғауға тиіс аумақтық «Охотзоопром» мекемесінің бас инспекторы да бар.

Олардың үйлерін тінту кезінде 272 дана киік мүйізі табылған. Бес мылтық, 1 газды тапанша, 134 дана оқ-дәрі тәркіленген. Бинокльдер, пышақтар, жүзіне қан қатқан аралар, 18 ұялы телефон, тығулы бірнеше автокөлік мемнөмірлері шыққан. Аң аулауға құдды бір соғысқа әзірленгендей бұл топтың үйлерінен жол талғамайтын «Тойота Ланд Крузер-100» көлігінің үшеуі, «Митцубиши Монтеро Спорт» және «Рено Дастер» көлігі, 1 млн 120 мың теңге ақшасы тәркіленеді. Іздестіру шаралары кезінде «Ақболат» қыстауының маңынан атылып, мүйізі кесілген 3 киіктің төшкесі табылады.

Тергеу нәтижесінде анықталған бес фигуранттың екеуі ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабына сәйкес Қазталовтағы уақытша ұстау изоляторына қамалған. Басқа да күдіктілердің қылмысқа қатысы тексерілуде. Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдіктілерге ҚР Қылмыстық Кодекстің 337-бабының 4-бөлігі (заңсыз аңшылық) бойынша іс қозғалған. Мамандар оларға ең қатаң жаза берілсе, 7 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін екенін айтуда.

Нұрлыбек Рахманов,

zhaikpress.kz

Суреттер операция кезінде түсірілген бейнежазбадан алынды

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале