2.10.2019, 16:28
Оқылды: 552

БҚО-да көлік апатынан 79 адам көз жұмған

Биылғы тоғыз ай ішінде облыста 226 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 79 адам көз жұмды, 294 адам жарақат алды. Былтырғы есептік мерзімде 251 жол көлік апатынан 88 адам қайтыс болып, 283 адам жарақат алған. Бұл жайында Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінде өткен брифингте мәлім болды.

WhatsApp Image 2019-10-02 at 15.41.32

– Өңірімізде жол қауіпсіздігіне қатысты мәселе ушығып тұр. Бір күнде үш көлік апаты тіркелді. Ең алдымен, жүргізушілердің жол қозғалысы ережелеріне салғырт қарауынан туындап отыр. Екіншіден, жолды жаяу кесіп өтетіндер де бар. Сондай-ақ облыстағы автожолдар сапасы алаңдатады. Облыс орталығы мен республикалық маңыздағы автожолдардың көлік апаты жиі орын алатын учаскелерді атап өтейін. Орал қаласындағы Жәңгір хан атындағы көше бойында №20 мектеп және Жазира аялдамаларының аралығы қауіпті деп есептелініп отыр. Осы учаскеде жаяу жүретіндерге арналған екі жолақ салынса да, белгі қойылмаған жол тұстарынан жүгіріп өтетіндер көп. Жыл басынан бері осы учаскеде 12 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 8 адам қаза тауып, 13 тұрғын жарақаттанды. Әбілқайыр хан даңғылы мен Шолохов көшелерінде көліктердің көптігінен апат қатері жиі төнеді. Биыл Нұрсұлтан Назарбаев атындағы даңғылдың бойында алты көлік апаты тіркеліп, екі адам қайтыс болды. Орталық даңғылдың Т.Масин көшесімен қиылысқан тұстары қауіпті. Әсіресе, сол маңдағы «Сиберия» және «Эльдивино» түнгі клубтар маңында жол қозғалысы ережесі жиі бұзылады. Орал қаласы маңындағы Зашаған кентіндегі Брусиловский көшесіндегі Гүлмира аялдамасы, Желаев трассасындағы «Нефтэк» және «Октан» жанар-жағармай құю стансалары қасында апат жиі болады, - деді облыстық полиция департаментінің бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Серік Сүйінбаев.

Оның айтуынша, Орал-Атырау автожолы бойында Көшім, Круглоозерный, Үлкен Шаған ауылдары тұсында көліктің бір-бірімен жарысуы, жылдамдықты негізсіз асыруы салдарынан жазатайым оқиғалар көбеюде. «Подстепное-Федоров-РФ шекарасы» автожолы бойындағы Пойма елді мекені тұсында жаяу өтетіндер мен велосипедпен жүретіндермен көлік жиі соқтығысады екен.

Нұртай Текебаев

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале