11.07.2019, 18:25
Оқылды: 208

БҚО-да көп балалы отбасыларға 243 пәтер берілмек

 Биыл алты айдың қорытындысы бойынша «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде өңірімізде 245 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Бүгінде екі қалада 17 көп пәтерлік, ауылдарда 119 тұрғын үй құрылысы жүруде. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтылды.

 ui

Биыл «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде Орал қаласында 15, Ақсайда екі көп пәтерлік, ауылдық жерлерде 115 тұрғын үй, барлығы 3 036 пәтер құрылысы жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарына жалпы 16,1 млрд. теңге қарастырылған, соның 13,2 млрд. теңгесі тұрғын үй құрылысына жұмсалады.

-Биыл 449 мың шаршы метр тұрғын үй салып, пайдалануға беру жоспарланды. Мұның ішіндегі 83 мың шаршы метр үй құрылысы бюджет қаржысы есебінен жүргізіледі. Биылғы алты айдың қорытындысы бойынша барлық қаржы көздері есебінен 245 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді, - деді облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Антазиев.

Әлеуметтік жағынан аз қамтылған, яғни жергілікті атқарушы құылымдардағы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға арналып Оралда 4, Ақсайда бір көп пәтерлік тұрғын үй және 9 ауданда, соның ішінде Ақжайық, Бөкей ордасы, Жаңақала, Қазталов, Қаратөбе, Тасқала, Теректі, Сырым, Бәйтерек аудандарында 119 үй салынуда. Олардың жалпы ауданы 94,2 мың шаршы метр (824 пәтер) және бұл үйлер жалға берілмек.

-Биылғы жыл соңына дейін Оралда бір, аудандарда 50 тұрғын үй, барлығы 535 пәтер пайдалануға беру жоспарланды, - деді Ә. Антазиев.

Көп балалы отбасылар үшін Орал қаласында және облыстың аудандарында 243 пәтер, соның ішінде Бәйтерек ауданында 39, Бөкей ордасында 32, Қазталовта 16, Сырымда 18 пәтер, Орал қаласында 72 пәтер пайдалануға берілмек. Республикалық бюджеттен 553,8 млн. теңге, жергілікті бюджеттен 300 млн.теңге бөлінген. Бұл қаржыға коммуналдық тұрғын үй қорынан аз қамтылған, көп балалы отбасыларға Орал қаласынан 66 пәтер сатып алу жоспарланған. «Қазақстанның тұрғын үй құрылысы жинақ банкі» АҚ-ның салымшылары үшін Оралда 11, Ақсайда бір тұрғын үй салынуда және жыл соңына дейін 8 үй (барлығы 1058 пәтер) пайдалануға беріледі.

Сондай-ақ инженерлік инфрақұрылымның 16 нысанының құрылысын аяқтау немесе 135 шақырым инженерлік желі тарту жұмыстары аяқталады.

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале