1.08.2019, 14:30
Оқылды: 238

БҚО-да көп балалы және АӘК алатын отбасылардың балаларына 100 грант бөлінді  

Мемлекеттік білім гранты негізінде ЖОО-ға түсе алмаған көп балалы және атаулы әлеуметтік көмек алатын аз қамтылған отбасылардың балалары ҚР Білім және ғылым министрлігінің қосымша грантын иелене алады. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен дөңгелек үстелде айтылды.

safe_image

- Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде аталмыш санаттағы отбасылардың балаларына жалпы 5 000 грант бөлінді. Оның 100-і батысқазақстандық түлектердің еншісінде. Аталған білім беру гранттары жалпы сипаттағы трансферт арқылы жергілікті атқарушы органдарға беріледі. Оқуға өтінімдер 5-10 тамыз аралығында жергілікті жоғары оқу орындарында қабылданбақ. Білім гранттары М.Өтемісов атындағы БҚМУ-ға, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-ға, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетіне және С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетіне бөлінеді. Бұл оқу орындарын таңдауымызға бірнеше себеп бар. Ең біріншісі, оқу ақысының тиімділігіне байланысты. Өйткені жоғары оқу орнына түсетін бір балаға төленетін қаржы жылына 635 мың теңгеден аспауы керек деген талап қойылып отыр, - деді облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов.

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Зәуре Ғұмарованың айтуынша, гранттарды бөлу жөнінде облыстық комиссия құрылған. Оқу гранттарын бөлу кезінде өңірімізге тапшы мамандықтарға басымдық берілмек және үміткерлер жеделдетілген оқу бөліміне де құжаттарын тапсыра алады. Абитуриенттерден ЖОО-ның жалпы мемлекеттік грантына түсу үшін жинаған құжаттары қабылданады. Көп балалы, атаулы әлеуметтік көмек алатын аз қамтылған отбасы екенін дәлелдейтін қосымша анықтама талап етіледі. Кейін облыс әкімдігінің комиссия отырысында берілген мамандықтардың бөлінісі бойынша үміткерлердің тізімі анықталып, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланбақ. Сондай-ақ грант иегерлері ЖОО-ны бітірген соң үш жыл жергілікті жердегі атқарушы органдарының ұсынысымен сұраныс түскен аудан-ауылдарда  қызмет етпек.

                                                                           Гүлсезім БИЯШЕВА

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале