11.10.2019, 17:23
Оқылды: 150

БҚО-да қорғаныс құрылымдарының арнайы оқу-жаттығуы өтті (СУРЕТ)

Бүгін Теректі ауданы аумағындағы «Сұңқар» әскери полигонында өңірдегі қорғаныс құрылымдарының арнайы-тактикалық оқу-жаттығуы өтті. Шара барысында әскерилер атыс дайындығы, тактикалық әзірлік, сондай-ақ ұрыс алаңында қару қолданау дайындықтарын сынады.

1в (65)    

Жаттығуға арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаевқа өңір әскерилерінің қару-жарақтары мен арнайы техникаларының дайындығы таныстырылды.

1в (37)

Бұдан соң жиналғандар далалық оқу-жаттығу жұмыстарын тамашалады. Аталған полигон маңындағы үлкен көпірді кенеттен «лаңкестік топ» басып алып, жарып жібермекші болды. Олардың арам пиғылдарынан хабардар болған әскери құрылымдар әп сәтте оқиға орынына жетті. Мұздай қаруланып, ширақ қозғалған әскерлер тез арада лаңкестік топты қоршауға алды. Көпірді жармақшы болған топ та оңайлықпен беріле қоймады. Сәл уақыт бұрын тып-тыныш жатқан көпір маңы көз алдымызда ұрыс алаңына айналды. Құрамы да аз, қаруы да әлсіз топты ауыздықтау біздің әскерлерге қиынға түспеді. Оң қапталдан оқ жаудырып, алға ұмтылған сарбаздардан террористер ығыса түсті. Шегіне жүріп оқ атқан олардың алдарынан да әскерилер күтіп алды. Кейбірі оққа ұшса, екіншілері өз еріктерімен берілді. Амалдары таусылған лаңкестік топтың мүшелері көліктермен көпірге қарай беттеп еді, бұл әрекеттерінен де еш нәтиже шықпады. Әп-сәтте мылтық дауысы тыйылып, сайын далада қайтадан мамыражай тыныштық орнады.

1в (189)

-Ел шекарасынан тыс мемлекеттерде, жалпы әлемде әскери-саяси тұрақсыздық орын алып жүргені жасырын емес. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің 2015 жылғы №111 қаулысы бойынша еліміздің қарулы күштері жаңа келбетке ие болды. Яғни аумақтық қорғаныс әскері құрылды. Былтырғы жылы арнайы-тактикалық оқу-жаттығу Алматы қаласында және еліміздің 10 облысында өтті. Біздің өңіріміздегі әскери жаттығуға Орал қаласы аймағындағы 85 әскери қызметкер шақырылды. Бұл әскери жаттығу нысандарды және белгіленген желілерді қорғауда, бірлескен іс-қимылдарға арналған бөлімшелерді жауынгерлік үйлестіруге мүмкіндік берді. Мұнда Батыс Қазақстан облысының қорғаныс құралдары мен күштерінің, облыстық басқарма құрылымдарының өздеріне жүктелген міндеттерді орындаудағы дайындығын анықтау мақсатында білімдері мен практикалық дағдылары жетілдірілді. Болашақта бұл жаттығу бұдан да көп адамдардың қатысуымен өткізуді жалғастыру жоспарлануда. Тактикалық және арнайы жаттығуларды сәтті өткізгені үшін ұйымдастырушылар мен қатысушыларға алғыс айтамын,-деді шарада сөз алған облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаев.

1в (227)

Шара соңында облыстық төтенше жағдайлар, полиция, қорғаныс істері департаменттерінің ұжымдары мен жекелеген әскерилер марапатталды.

Нұрбек Оразаев,

сурет Эльвира Меңдіғали

zhaikpress.kz

1в (261) 1в (286)

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале