11.08.2017, 21:00
Оқылды: 45

БҚО-да үздік құрылысшылар марапатталды

 

Тамыз айының екінші жексенбісінде құрылысшылар өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтпек. Мерекеге  орай кеше  облыстық  қазақ драма театры ғимаратында салтанатты жиын өтіп, онда  жасампаз мамандық  иелерінің бір тобы марапатталды.  

Жиында көпшілік назарына алдымен құрылысшылардың ерен еңбектерін паш ететін бейнеролик ұсынылды.  Одан кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов құрылысшылардың атқарып отырған жұмыстарының мән-маңыздылығына тоқталып, құрылысшыларды және төл мерекемен құттықтады. Оның айтуынша, 2016 жылы барлық қаржыландыру  көздері  есебінен 275 мың шаршы метр  тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Бұл одан  бұрынғы  жылғы көрсеткішпен салыстырғанда  5,2 пайызға артық. Сегіз көппәтерлік, 25 бір пәтерлік тұрғын үй салынып, іске қосылды. Жыл санап Ұлттық қордан, республикалық бюджеттен тұрғын үй, инженерлік коммуникациялық инфрақұрылым   құрылысына бөлінетін қаржы көлемі өсіп келеді. Соған орай пайдалануға тапсырылатын үйлер саны да өсуде. Биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында облысқа тұрғын үй және инженерлік коммуникациялық инфрақұрылым құрылысына  11 млрд. 763 млн. теңге бөлінді.

-Елбасы биылғы Жолдауында әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамытуға мән-маңыз беріп, әлеуметтік нысандар құрылысына қатысты нақты тапсырмалар бергені мәлім. «Нұрлы  жол»  бағдарламасы бойынша өңірімізде білім беру саласының жеті нысанының құрылысы жүруде. Олардың бесеуі, соның ішінде Оралда төрт мектеп, Қазталов  ауданының  орталығында бір мектеп-интернат  биыл пайдалануға тапсырылуы тиіс. Денсаулық сақтау саласы бойынша Бөрлі ауданының Кеңтүбек және Успеновка ауылдарында фельдшерлік-амбулаториялық пункттің, яғни екі нысанның құрылысы аяқталады.  Сонымен қатар Теректі ауданындағы 300 орындық мәдениет үйінің құрылысы да биыл бітеді. Мұндай жобамен Сарыөмірде және Қаратөбе ауданында  мәдениет ошақтары салынды. Биыл 10 ауданда 25 сумен қамту нысанының құрылысы  аяқталады.  Бұл 175 елді мекенді орталықтандырылған  сумен қамту жүйесіне қосуға мүмкіндік береді. Аутожолдардың құрлысына ерекше екпін түсіріп отырмыз. Бұдан 3-4 жыл бұрын өңірімізге іссапармен келген Елбасы облыстағы жол құрылысына қаржы бөлуді тапсырған болатын. Жыл сайын миллиардтаған қаржы бөлінуде. Қаратөбе, Шыңғырлау аудандарына жақсы жол жетті. Қазір Жалпақтал – Қазталов - Жәнібек бағытында жол салынуда. Жаңақала бағытындағы жол құрылысы аяқталды. 2016 жылы аудандық, облыстық маңызы бар 145 шақырымдық, биыл 126 шақырымдық жолды жөндеуге қаржы бөлінді. Өткен жылы 96 шақырымдық республикалық жол жөнделсе, биыл 209 шақырым жол жөндеу жоспарланды. Қазіргі экономикалық  жағдайда түрлі түйткілдер кездесетіні анық. Алайда құрылысшылардың жанкешті еңбегінің арқасында еліміздің, өңіріміздің гүлденуі жолындағы жасампаз еңбектеріңіз  жалғасын табады, - деді  Арман Өтеғұлов.

Шара барысында «KazcostructionGroup» ЖШС-ның бас директорының орынбасары Орынғали Жұмағалиевке, «Унисерв» компаниясының құрылыс басқармасының бастығы Павел Лоскутовқа, «ПМК-117»ЖШС-ның учаске  бастығы Александр Новиковқа,  жеке кәсіпкер  Тарас Сәрсеновке, «Домостроитель» ӨК-ның жұмыс өндірушісі Николай Синельниковке «Қазақстанның құрметті құрылысшысы», облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдарын пайдалану  бөлімінің бас маманы Сергей Батинге «Қазақстанның құрметті  жолшысы» төсбелгісі  мен куәлігі  табысталды. Ал облыс әкімінің  алғысхаттарына  20 құрылысшы ие болды. Сондай-ақ жобалаушы компанияның басшысы Михаил Кульпин «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы бекіткен ІІІ дәрежелі «Өз ісіне адалдығы үшін» медалімен марапатталды.

Салтанатты жиында Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев құрылысшыларды құттықтап, озат еңбеккерлерге ҚР Инвестициялар және даму министрінің және аталмыш министрліктің автомобиль жолдары комитетінің төрағасының Құрмет грамотасы мен алғысхаттарын, кәсіби шеберлігі байқауының жеңімпаздарына  дипломдарды табыстады. «Қазақстанның құрметті құрылысшысы» төсбелгісінің  иегері «KCG» ЖШС-ның бас директорының орынбасары Орынғали Жұмағалиев кәсіби мерекемен әріптестерін құттықтады.

Мерекелік шара Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармония өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале