29.12.2018, 11:02
Оқылды: 180

БҚО-да малынан ауру шыққан тұрғындарға 38 млн. теңге өтемақы бөлінген

БҚО-дағы ауыл халқының басты кіріс көзі – қолындағы азын-шоғын малы. Бүгінде малдың жұқпалы аурулары өзекті мәселелердің біріне айналды. Сол себепті мемлекет мал дәрігерлік эпизоотияға қарсы іс-шаралар жүргізуге қомақты қаржы бөліп келеді. Жалпы ветеринариялық мекемелер қазір қандай шараларды қолға алып жатырғаны турасында, жұқпалы аурулардың таралу деректері жайлы таратып айту үшін Батыс Қазақстан облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Абзал Бралиевпен сұхбаттасқан едік.

 

- Абзал Серікұлы, биыл БҚО-да жануарлардың аса қауіпті жұқпалы ауруларының қанша ошағы тіркелді? Олар қандай аурулар екенін таратып ақпарат берсеңіз?

 - Ағымдағы жылдың күні бүгінге облыс бойынша жануарлардың аса қауіпті жұқпалы ауруларының 27 ошағы, оның ішінде құтыру ауруының 14 ошағы, қарасан ауруының 9 ошағы, пастереллез ауруының 3 ошағы және 1 брадзот ауруының ошағы тіркелді. Барлық ауру ошақтарында сәйкесті ветеринариялық шаралар толық көлемде жүргізіліп,  күні бүгінге аса қауіпті аурулар бойынша эпизоотиялық жағдай тұрақты.

 

-  Осы бруцеллезге сынама жылдың қай мезгілінде алынуы тиіс?

- Бруцеллез ауруына зерттеу үшін жануарлардан қан сынамалары ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасымен бекітілген «Жануарлардың аса қауіпті ауруларының диагностикасы бойынша ветеринариялық іс-шаралар жоспарына» сәйкес алынады.

Биыл қан алу жұмыстары мүйізді ірі қара малында ақпан айында, ұсақ мүйізді малда сәуір айында басталып, қараша айында аталған жұмыстар толығымен аяқталды.

 

- БҚО-да қанша бас мал бруцеллезге шалдықты? 

- Биыл бруцеллез ауруына 719 611 бас мүйізді ірі қарадан сынама алынып, оның ішінде 9 431 бас бруцеллез ауруына оң нәтиже көрсетті. 1 783 967 бас ұсақ мал бруцеллезі мен қошқарлардың жұқпалы эпидидимиті ауруына зерттеліп, оның ішінде 1 230 бас бруцеллез ауруы мен қошқарлардың жұқпалы эпидидимиті ауруына оң нәтиже көрсетті.

 

- Былтырғымен салыстырғанда бруцеллез ауруының таралу көрсеткіші қандай?

- Ағымдағы жылы облыс бойынша мүйізді ірі қара малының бруцеллез ауруымен зақымдану пайызы 1,28%-ды құрап отыр, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 0,07%-ға азайып отыр (2017 жылы  1,35%).

Ал ұсақ мүйізді малдың бруцеллезі мен жұқпалы эпидидимиті ауруымен зақымдану пайызы 0,07%-ды құрап отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 0,08%-ға азайған.

 

tn_195326_72b6eea1d38da

 

- Бруцеллезге шалдыққан малдың еті қай мекемеге жіберіліп, еті қайда пайдаланылады?

- Батыс Қазақстан облысы бойынша жоспарлы ветеринариялық іс шараларды жүргізу, зерттеу барысында бруцеллез анықталған малдар Жаңақала ауданында орналасқан «Тайыр» ЖК, Зеленов ауданында «Жеңіс» ЖК және «Николай и Ко» АӨК, Қаратөбе ауданында «Қоржын» ШҚ, Сырым ауданында «Атамекен-Сырым» ЖШС, Шыңғырлау ауданында «Шыңғырлау-Агро» АӨК және Орал қаласының аумағында орналасқан «Батыс Адал-Ет» ЖШС, «Уральские колбасы» ЖШС, «Куспанов С.» ЖК ет өңдеу кәсіпорындарында сойылуда.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 29 маусымдағы №7-1/587 бұйрығымен бекітілген Ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағиданың 6-параграфы 1245 тармағына сәйкес, бруцеллезге оң әсер берген ірі қара мал мен шошқаның, түйенің, жылқының еті ұшасы мен ағзаларында патологоанатомиялық өзгерістер болмаған кезде ет 12 сағат тұрғаннан кейін шектеусіз шығарыла береді. Ұша мен мүшелерінде патологоанатомиялық өзгерістер анықталған жағдайда, шұжық және консерві өнімдеріне шығарылады.

Бруцеллезге оң әсер берген қой мен ешкі еті пісірілген шұжықтарға немесе консервілерге қайта өңделеді.

 

- Ауруға байланысты жойылған мал иелеріне қанша қаржы өтемақы төленді? Оған бөлінген қаражат қанша?

- Ағымдағы жылы залалсыздандырылған жануарлардың, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттың құнын жеке және заңды тұлғаларға өтеу үшін 38 276 000 теңге қаражат бөлініп, игеріледі.

 

- Ал биыл жалпы мал дәрігерлік эпизоотияға қарсы іс-шаралар жүргізуге қанша қаржы бөлініп, оның қаншасы игерілді?

- Ағымдағы жылы Батыс Қазақстан облысы бойынша эпизоотияға қарсы ветеринариялық іс-шараларды жүргізуге 988 463,0 мың теңге қаражат бөлініп, күні бүгінге оның 985 598,9 мың теңгесі немесе 99,7%-ы игерілді.

 

- Бруцеллез ауруымен күрес қалай жүзеге асырылуда?

- Күні бүгінге бруцеллез ауруын уақытылы анықтау мақсатында жыл бойы жануарлардың аса қауіпті ауруларының диагностикасы бойынша ветеринариялық іс-шаралар жоспарына сәйкес қан алынады. Диагностикалық зерттеу қорытындысы оң нәтиже көрсеткен жағдайда тиісті әкімшілік-аумақтық бас мемлекеттік ветеринариялық дәрігері сараптама акті нәтижесі бойынша иесіне малды қалған малдардан оқшаулауды ұйымдастырады. Кемінде күнтізбелік 15 күн ішінде оларды тиісті аумақта орналасқан өндіріс объектілеріне (ет комбинаты, сою пункті) сою үшін жіберу туралы нұсқама береді. Бруцеллез мал анықталған үй-жайларды, мал жайылатын аулаларды ветеринариялық мамандарының дезинфекция жүргізуі үшін қи мен жем-шөп қалдықтарынан тазартуы тиіс.

Бруцеллезбен ауырған жануарлар анықталғанда 2 теріс нәтижені алғанға дейін оқшаулай отырып мал басынан әрбір күнтізбелік 15-20 күн сайын жүйелі диагностикалық серологиялық зерттеу жүргізіледі. Ал ауру мысық және иттерді жойылады.

Ал алдын алу іс-шараларын жүргізу кезінде бруцеллезге қарсы вакциналарды сатып алу және қолдану, үй-жайларды, мал жайылатын аулаларды механикалық тазарту, сондай-ақ профилактикалық дезинфекциялау мен дератизациялау мал иелерінің есебінен жүзеге асырылады.

 

- БҚО-да бруцеллез ауруының адамға жұғу дерегі бар ма?

- ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің БҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің 1 желтоқсандағы мәліметіне сәйкес, облыс бойынша бруцеллез ауруын жұқтырған 50 адам тіркелген.

 

- БҚО-да шетелден келетін малдан қандай аурулар кездесті?

- Батыс Қазақстан облысы аумағына шетелден келген малдардан аса қауіпті жұқпалы аурулар тіркелген жоқ.

 

- БҚО-да қанша мал қорымы бар? Қорымы жоқ ауылдар, осы бағыттағы шешілмеген мәселелер бар ма?

- Батыс Қазақстан облысының аумағында қазіргі таңда 255 мал қорымы бар. Оның ішінде 50-і типтік үлгіде, 205-сі қарапайым биотермиялық шұңқырлар.

Сонымен қатар, облыстағы қалалық және аудандық ветеринариялық станциялардың балансында мал өлекселерін өртеуге арналған 18 инсинераторлар бар, олар 6-уы стационарлық, 12-сі жылжымалы.

Күні бүгінге басқарма тарапынан Батыс Қазақстан облысы аумағында эпизоотиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында елді мекендерді мал қорымдары (биотермиялық шұңқырлар) құрылысымен қамтамасыз етудің 2019-2023 жылдарға арналған Жол картасы жасақталынды. 2019-2023 жылдарға арналған Жол картасына сәйкес алдағы 5 жылда облыс аумағында 189 мал қорымының құрылысы жоспарлануда.

oba

 

-Жыл басынан бері қанша бұралқы ит-мысық жойылды?

- Күні бүгінге облыс бойынша 18 524 бас бұралқы ит пен 1 435 бас бұралқы мысық ауланып, жойылды.

 

- Оларды жоюға қанша қаражат бөлінді?

- Ағымдағы жылы облыс бойынша бұралқы ит-мысықты аулауға 57 млн. 215 мың теңге қаражат бөлініп, күні бүгінге оның 55 млн. 455 мың теңгесі немесе 97%-ы игерілді.

 

- БҚО-да бруцеллезге шыққан малдарын мезгілінде оқшауламағаны үшін қанша тұрғынға айыппұл салынды? Айыппұл көлемі қандай?

- Облыс бойынша күні бүгінге тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің бас мемлекеттік ветеринариялық дәрігерлері тарапынан бруцеллез ауруына оң нәтиже көрсеткен малдардың иелеріне оларды сау жануарлардан оқшаулау және күнтізбелік 15 күн ішінде санитариялық союға ет өңдеу кәсіпорындарына тапсыру жөнінде 1 858 дана нұсқама берілді.

Күні бүгінге ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің БҚО аумақтық инспециясының мәліметінше, жоғарыда аталған нұсқаманы орындамағаны үшін 37 мал иесіне 980,037 мың теңге көлемінде айыппұл салынған.

2014 жылғы 5 шілдедегі ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 406-бабының 1.2 тармағына сәйкес жеке тұлғаларға – 20, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 50, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 100, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.

 

- БҚО-да қазір қанша ветеринариялық мекеме, бөлім, пункттер бар? Оларда қанша маман жұмыс жасайды?

- Батыс Қазақстан облысының аумағында күні бүгінге ветеринария саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыратын 207 мекеме бар. «Батыс Қазақстан облысының ветеринария басқармасы» ММ, «ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің БҚО аумақтық инспекциясы» ММ және 13 Орал қалалық және аудандық аумақтық инспекция, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің  «Республикалық эпизоотияға қарсы отряд» РММ БҚО филиалы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің «Республикалық ветеринариялық зертханасы» ШЖҚ РМК БҚО филиалы және 12 аудандық, 4 аймақтық ветеринариялық зертхана, 13 Орал қалалық және аудандық ветеринариялық бөлім, 13 Орал қалалық және аудандық ветеринариялық станция және 148 ветеринариялық пункт бар.

Күні бүгінге Батыс Қазақстан облысының ветеринария басқармасында 18 ветеринарлық маман, Орал қаласы және аудандық ветеринариялық бөлімдерінде 50, Орал қалалық және аудандық ветеринариялық станцияларында 68 және ветеринариялық пункттерде 524 ветеринариялық маман қызмет атқарады.

-Сұқбатыңызға рақмет.

 

Жазып алған Нұрлыбек Рахманов

© zhaikpress.kz

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале