19.03.2018, 17:51
Оқылды: 75

БҚО-да Наурыз мерекесі қарсаңында «Алтын жүрек домбыра» атты күй кеші өтті

Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өткен кон­цертте жергілікті өнерпаздардан бө­лек Ақтөбе, Маңғыстау, Жамбыл облысынан келген күйшілер де өнер көрсетті. Кешті Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессо­ры, елімізге танымал күйші Жан­ға­ли Жүзбаев жүргізді.


– Қазақ даласының әр айма­ғы­нан жиылған атақты, жүйрік домбырашылар бас қосқан оқиға осы өңірде, менің ойымша, бірінші рет болып отыр. «Жайыққа барып әншімін деме» деп арқаның қазақтары айтатын бір әдемі сөз бар. Жайыққа келіп күйшімін деп айту да қиын. Себебі бұл өлке Құрманғазы бабамыздың, Дәу­лет­керей, Дина, Сейтек, Қали Жан­ті­леуов­тің, одан беріде Қали Жан­тілеуовтің ізін қуған кешегі Тұяқ Шәмеловтей күйшілердің атамекені. Сондықтан мұндай өл­ке­де тәуекелі барып күй тартқан әр өнерпазды бақытты деп са­най­­мын, – деді Жанғали Жүзбаев кі­­ріс­­пе сөзінде.

Кеш барысында Маңғыстау күй мектебінің бүгінгі таңдағы үздік өкілдерінің бірі – күйші, өнер зерт­теушісі Жұмабек Қадырқұлов Есір­дің күйі «Жалдықараны», Мұрат Өскенбаевтың «Бейбіт өмірін», жам­былдық күйші, зерттеуші-ға­лым Батырлан Әбенов Нұрғиса Ті­лен­диевтің «Арман», Тұраш Әбуов­тың «Арнау» атты күйін, ақтөбелік өнерпаз Еділ Басыға­раев Қазанғаптың «Күйшақырғыш ақ­желең», «Табақ тарту», Боғ­да­ның «Жем суының тасқынын», Жан­ға­ли Жүзбаев Төлеген Мом­бе­ков­тың «Салтанат» күйін күмбірлетсе, Ермек Қазиев, Едіге Нәбиев, Нұр­жан Сертеков, Ербол Ғұбайдуллин, Батыржан Мықтыбаев, Ақылбек Бектасов, Жасұлан Зейнеденов секілді домбырашылар Махамбет, Құр­манғазы, Дәулеткерей, Дина, Сей­тек, Мәмен, Ерғали Есжанов, Ес­жан, Ақбикештің шығармаларын орындады. Бұл кештің айта кетер тағы бір ерекшелігі – көрер­мен­дер батысқазақстандық жас өнер­паз Данияр Таңатаровтың орын­дауындағы сыбызғы күйлерін де тыңдады.
– Осыдан төрт-бес жылдай уа­қыт бұрын тарихи-танымдық «DanaKaz» журналының танысты­ры­лы­мын­да аталмыш журнал ұжы­мы­ның және Құрманғазы атын­да­ғы саз колледжінің ұйытқы бо­луы­мен «Алтын жүрек домбыра» атты тамаша күй кеші алғаш рет ұйымдастырылған болатын. Бү­гін наурыз мерекесі қарсаңында «Алтын жүрек домбыраны» қайта жаңғырттық. Бұл Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өңір басшысының қол­да­уы­мен жүзеге асырылып отыр. Бұдан былай қарай «Алтын жүрек домбыра» күй кеші жылма-жыл, наурыз айында дәстүрлі түрде жоғары деңгейде ұйым­дас­ты­ры­латын болады, – деді Орал қа­ла­сы­ның мәдениет және тілдер­ді дамыту бөлімінің басшысы Қуа­нышбек Мұқанғалиев. Ол аталмыш кеште өнер көрсеткен барша өнерпаздарға естелік сыйлықтар және Орал қаласы әкімінің алғыс­хатын табыс етті.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,
«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале