21.05.2019, 20:37
Оқылды: 41

БҚО-да «Отбасы-Бизнес» бағдарламасы іске қосылмақ

Орал қаласында Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын жетілдіру мәселесін қарау бойынша көшпелі отырыс өтті.

IMG_9972[1]

Оған ҚР Парламенті Сенаты әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрайымы Бірғаным Әйтімова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмади Сарбасов, облыс әкімі Алтай Көлгінов, облыстық мәслихат депутаттары, ірі кәсіпорындар басшылары, кәсіподақ ұйымдарының өкілдері қатысты.

– Президент берген тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында және Парламент Сенатының іс-шаралар жоспарына сәйкес өңірдегі кәсіпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың еңбек ұжымдарымен кездестік. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде «Біздің жұмысымыздың негізгі басымдығы халықтың әл-ауқатының өсуін қамтамасыз ету және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру болуы тиіс» деп атап өтті. Бүгінгі таңда еңбек заңнамасын жетілдіру – өзекті мәселелердің бірі. Елбасы халыққа Жолдауында «Қазақстандықтардың әл-ауқаты, ең алдымен, табыстарының тұрақты өсімі мен тұрмыс сапасына байланысты» деген еді. Тұңғыш Президент тапсырмаларын іске асыру мақсатында 2018 жылы Парламент Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Еңбек заңнамасын жетілдіру – жұмыс беруші әрі қызметкерлердің мүддесін қозғайтын, бәріне тең кәсіби көзқарасты талап ететін процесс. Бүгінгі таңда өз шешімін талап ететін көптеген мәселелер қатарына еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды ұйымдастыру, қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау, ұжымдық шарттардың болуы, кәсіби одақтардың жұмыс істеуі, еңбек заңнамасының сақталуын бақылайтын қызметкерлердің болуы, әлеуметтік-еңбек қатынастары саласында цифрландыруды енгізу жатады. Еңбек заңнамасын реформалау жөніндегі негізгі міндет еліміздің Конституциясының 24-бабында көзделгендей қызметкерлерге қауіпсіздік пен тазалық талаптарына жауап беретін лайықты еңбек жағдайларын жасауға, еңбегі үшін қандай да бір кемсітусіз сыйақы алуға, сондай-ақ, жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғалуға бағытталуы тиіс, – деді Сенат депутаттарының сапар мақсатын түсіндірген Бірғаным Әйтімова.

Халықаралық еңбек ұйымының дерегінше, әлем бойынша жұмыс орнындағы жазатайым оқиға салдарынан 3 миллион адам қайтыс болып, 400 миллион жұмысшы өндірістік жарақат алады. Жақында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаетвың төрағалығымен өткен отырыста жеті негізгі міндетті атап өткен. Көшпелі отырыста облыс әкімі Алтай Көлгінов сөз алып, еңбек қатынасы, жұмысшылардың әл-ауқатын арттыру маңызды мәселе екенін айтты.

– Президенттің бірінші тапсырмасы – еңбек нарығының қажеттіліктеріне сәйкес оқыту. Алдағы үш жылда 36 колледждің және төрт жоғары оқу орнының материалдық-техникалық базасын нығайту қажет. 2017 жылдан бастап елімізде «Барлық адамдар үшін еркін кәсіптік білім беру» атты жоба жүзеге асуда. Жоба жас қазақстандықтар үшін әртүрлі кәсіптік мамандық бойынша негізгі еңбек дағдыларын игеру мүмкіндігін береді. Жыл сайын кәсіптік-техникалық білім беретін ұйымдар 800-ге жуық адамды дайындайды. Биыл 800-ге жуық түлекті оқыту және қысқа мерзімді кәсіптік білім беру курстарына 2 мыңға жуық адам жіберу жоспарлануда. Екінші міндет – ұзақ мерзімді, сапалы жұмыс орындарын құру. Облыста экономикалық тұрғыдан белсенді халық саны – 337 404 адам. 2019 жылы 25 мыңға жуық адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр (бүгінгі таңда 7 мың адам қамтылған). Қазіргі кезде 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Оның ішінде тұрақты жұмыс орны 2 мыңға жуық. Жоспар бойынша жыл соңына дейін жұмыс орындары саны 10 110-ға жетуі тиіс, (жоспар – 6 681). Үшіншісі – жұмыспен қамтудың жаңа формаларын заңнамалық тұрғыда бекіту және нормативті негіздемесін жасау. Ондай мамандық иелері қатарына фрилансерлер, штаттық қызметкерлер, блогерлер және т. б. кәсіп өкілдері жатады. Бұған қатысты қолданыстағы заңнамаға өзгерту мен толықтырулар енгізе отырып, орталық деңгейде шешім қабылданады деп есептейміз. Төртінші мәселе – мемлекеттік бағдарламалар тиімділігін арттыру арқылы жастарды жұмысқа орналастыру. «Жастар тәжірибесі» бойынша 1500 түлекті қамту жоспарлануда. Қазіргі кезде 500 маман жұмысқа орналасуға жолдама алды. Былтыр «Дипломмен ауылға» 508 маман жіберіліп, оларға 304 млн. теңге көлемінде біржолғы көмек берілді. «Жасыл Ел» бағдарламасы ауқымында 1000-нан астам студент жұмыспен қамтылады. Бесінші міндет – мүгедектердің жұмыспен қамту саясатының инклюзивтілігін қамтамасыз ету. Бұл бағытта «Арба» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлмира Батпақұлова мен «Ғибадат» ЖШС-ның төрағасы Біржан Қожақовтың еңбекқорлығымен, ерекше ынта-жігерімен қоғамға үлгі болып жүргенін атап өткен жөн. Алтыншы, халықтың еңбекке деген ынта-ықыласын күшейту. «Бастау-Бизнес» жобасына сәйкес жыл сайын жүздеген адам оқытылады. Биыл кәсіпкерліктің негіздерін 1000 адамға үйрету көзделуде. Қазірдің өзінде 561 адам қысқа мерзімді оқудан өтті. Бағдарламаға қатысқан 1 мыңнан астам адамға микрокредиттер беру, сондай-ақ 543 адамға 100 АЕК көлемінде гранттар бөлу жоспарланып отыр. Жетінші тапсырмаға сәйкес гендерлік теңдікті нығайтуға көңіл бөлеміз.

Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» бағдарламасы аясында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп біздің өңірімізде тұңғыш «Отбасы-Бизнес» бағдарламасын жүзеге асырамыз. Көп балалы және аз қамтылған отбасылардан бағдарлама арқылы 1200 адамға кеңес беріп, жеңілдетілген несие мен қайтарымсыз грант беру үшін кәсіпкерлік негіздеріне 200 адамды оқытамыз. Бағдарламаның таныстырлымы жақында Тасқала ауданында өткізіледі, – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Жиында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмади Сарбасов еңбек заңнамасын жетілдіру және еңбек қатынастарын реттеу бойынша қолға алынған шараларды таныстырды. Облыс әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаева, «Жайықмұнай» ЖШС-ның бас директоры Жомарт Даркеев, облыстық мәслихат депутаты Қатауолла Ашығалиев еңбек заңнамасы талаптарын өзгертуге қатысты ұсыныстарын жеткізді.

Нұртай Текебай,

суретке түсірген Рафхат Халелов,

zhaikpess.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале