18.01.2018, 15:45
Оқылды: 54

БҚО-да өткен жылы 101 адам рақымшылық қолдану арқылы жазадан босатылды

БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте БҚО соттарының 2017 жылғы жұмыс қорытындысы туралы баяндалды. Баспасөз мәслихатына БҚО сотының төрағасы Бек Әметов және облыстық соттар әкімшісі Нұрлан Қажғанов қатысты.

- Бірақ бұлардың бәрі бірдей жазасын өтеу орындарынан шықты деген сөз емес. Олардың ішінде қылмыстық теріс қылық, онша ауыр емес және орта дәрежедегі қылмыс жасап, жазаға тартылғандар бар. Кейбір іс жарияланған рақымшылыққа орай тергеу барысында немесе сотта қаралып барып қысқартылған. Ал жазасын өтеу орындарынан босатылғандар саны он шақты адамды ғана құрайды. Түрмеден босатылғандарды ортаға бейімдеу, жұмыспен қамту бүгінде өзекті мәселеге айналып отыр. Өткен жылы бұл бағытта бірқатар жұмыстар атқарылып, келелі жиындар өткізіліп, құзыретті органдармен бірлесіп түрлі меморандумдарға қол қойылған болатын. Қол қоюшы әрбір тарап аталған мәселені ерекше назарда ұстауға тиіс. Меморандум шарттары бойынша мекеме-кәсіпорындар мен заңды түлғалар, жеке кәсіпкерлер бос жұмыс орыны болса бостандыққа шыққан адамды жұмысқа қабылдауы тиіс. Осы бағытта бірқатар шаралар қолға алынуда, - деді Б.Әметов

- Облыстың барлық соттарына орнатылған бейнеконференцбайланыс жүйесі аумақтық және аудандық соттар араларындағы дистанциялық оқытуға, семинарларды өткізуге, қашықтықтан қатынасу тәсілімен сот төрелігін жүзеге асыруға зор мүмкіндік береді. Өткен жылы осы жүйе арқылы онлайн режимде қылмыстық-атқару жүйесі департаментінен келіп түскен 622 материал қаралды, - дейді Н.Қажғанов.

Брифинг соңында БАҚ өкілдері сот саласының журналистер үшін ашықтығы, сот залдарына смартфонмен кіруді қамтамасыз ету туралы сауалдарын қойды.

- БАҚ өкілдері үшін соттардың ашықтығы туралы айтып өтейін. Әр құзыретті органның өзінің белгіленген ішкі тәртібі бар. Сот ғимараттарындағы тәртіп бізбен сіздерге бірдей. Бұл тәртіптер келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет. Бүгінгі технологияның дамыған заманында әртүрлі жайттарды күтуге болады. Мысалға, смартфондарға жарылғыш заттар орнатылуы немесе улы заттар салынуы әбден мүмкін. Әлем бойынша неше түрлі жағдайлар орын алуда. Осындай келеңсіз жағдайлардың алдын алу мақсатында сот залдарына смартфонмен кіруге тиым салынған болатын. Ал, диктофон, фотоаппарат секілді журналиске қажет құрылғыларды соттың рұқсатымен алып кіруге болады.  Атқарған жұмыстарымыз бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қалың жұртқа тарайтын болғандықтан бірлесіп жұмыс жасауымыз керек,-деді Бек Әметұлы.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале