29.03.2019, 15:58
Оқылды: 31

БҚО-да өзендерге 4-10 сәуір аралығында су жіберіле бастайды

Қазір өзен бойындағы су қоймаларына қажетті су қорын жинақтап алу мақсат етілген. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, генерал-майор Жасұлан Жұмашевтің айтуынша, көктемгі су тасқынының алдын алуға дайындық жұмыстары өткен жылдың қыркүйек айында басталып, кезек-кезеңімен жүйелі жүргізілгендіктен қазір аумақтағы ахуал тұрақты.

IMG_0693

-Ресейдің Саратов және Орынбор облыстарынан трансшекаралық өзендердегі су қоймаларының су жіберуі бойынша күнделікті ақпарат алынады. Жайық өзенінде күтілетін ең жоғары су деңгейі Орал қаласы және Көшім ауылы маңында 400-500 см (қауіпті деңгей – 850 см), Тайпақ ауылында 350-450 см (қауіпті деңгей – 850 см).

Сәуірдің 4-10 аралығында өзендерге су жіберіле бастайды. Ал Қараөзен мен Сарыөзендегі ең жоғары су деңгейінің болжамы мөлшерден артық болғанымен, қауіпті деңгейден төмен. Сарыөзен бойынша Ресей жағында су қоймаларында су деңгейі төмен. Қараөзен бойынша біздің жаққа су келуі күтіледі, бірақ елді мекендерге одан төнетін қауіп жоқ. Біздің негізгі мақсатымыз өзен бойындағы су қоймаларына қажетті су қорын жинақтап алу,-дейді Жасұлан Қыдырғожаұлы.

Қазіргі таңда төтенше жағдайлар департаментінің Бөкей ордасы және Қаратөбе аудандарына бекітілген күштері басты қауіп төніп тұрған Бәйтерек және Тасқала аудандарына жұмылдырылған.

Журналистердің сауалдарына жауап берген Ж.Жұмашев облыс аумағындағы 29 ғимараттың шатыры қалың қардың салмағын көтере алмай опырылып түскендігін айта келе, бұл ғимараттардың барлығы дерлік ескі немесе апатты жағдайда болғандығын атап өтті. Шатырды мұздақтан дер кезінде тазаламағаны үшін 1720 тұлға жауапкершілікке тартылып, 19 заңды тұлғаға қатысты жалпы сомасы 882 мың теңгеден астам айыппұл салынғанын да бүгіп қалмады.

Динара Жұмабекқызы,

Cурет: Темірболат Тоқмамбетов

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале