15.01.2020, 16:34
Оқылды: 277

БҚО-да полиция департаменті үш адамның өліміне қатысты тергеу жүргізуде

Бәйтерек ауданы Янайкин ауылында Александр Запремотов пен оның отбасы мүшелері қаскөйдің қолынан қаза тапқаны жайында жазған едік.

policia

Соған байланысты облыстық полиция департаменті ұйымдастырған брифингте БҚО ПД бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Серік Сүйінбаев жедел тергеу ісі басталғанын айтып, деректермен бөлісті.

Оның айтуынша, қаңтар айының 14-і күні кешкі сағат 21:50-де Янайкин ауылында жеке үйден шыққан өртті сөндіру кезінде 1953 және 1977 жылы дүниеге келген ер адамдардың және 1954 жылы туған әйелдің мүрдесі табылған. Үшеуі де күш қолданылып өлтірілген. Үйден табылған мүрделер сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Қылмыстық іске қатысы бар адамдарды және куәгерлерді анықтау үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігіне сәйкес (екі немесе одан да көп адамды өлтіру) сотқа дейінгі тергеу амалы жүргізілуде. Оқиға орнына БҚО ПД бастығы, полицияның генерал-майоры М.Аблазимов, ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі А.Теміржанов және департаменттің жедел-тергеу бөліністерінің басшылары барды.

– Аса ауыр қылмыстық іс санатына жатқызылғандықтан, тергеу ісі – ҚР Ішкі істер министрлігінің жеке бақылауында. Аталған істің ашылуын департамент басшылығы қатаң назарда ұстайды. Өрт сөндіру кезінде адамдардың мүрделері үйден шығарылған. Олардың денелеріне ауыр жарақат салынған. Бірақ қандай қару қолданылғаны белгісіз, – деді Серік Сүйінбаев.

Янайкин ауылдық округінде 1 110-нан астам адам тұрады. Бұқаралық ақпарат құралдары өрт болған үйде кәсіпкер мен оның әйелі және ұлы қаза тапқаны жөнінде ақпарат жариялады. Александр Запремотов мал шаршуашылығымен айналысқан, «Лесное» ЖШС-ын құрған. Бұрын Янайкин кеңшарын басқарған. Брифингте облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Серік Сүйінбаев қаза тапқандардың кім екені анықталғанымен, ҚР Қылмыстық процестік кодекстің 201-бабына сәйкес (сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол бермеу) толыққанды ақпарат бере алмайтынын айтты.

Н.Текебай

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале