16.10.2019, 16:02
Оқылды: 187

БҚО-да «Qazaqtany» жобасы аясында екі күндік республикалық лекторий өтуде

Бүгін Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында «Ұлы даланың жеті қыры» «Qazaqtany» жобасы шеңберіндегі қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін насихаттауға арналған республикалық көшпелі лекторий жұмысын бастады.

akimat (3)

«Qazaqtany» жобасы аясында Қазақстанды мекен етуші түрлі этностардың қазақ халқының салт-дәстүрі мен мәдениеті, философиясы мен әдебиеті туралы түсінігін кеңейту, жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісін қалыптастыру мақсатын арқалаған шараны ұйымдастырушылар – Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесі.

Орал қаласындағы келелі кеңеске Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, ҚР Президент әкімшілігі хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев, Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы, облыс әкімі Ғали Есқалиев, Нұр-Сұлтан қаласы мен Қостанай және Қарағанды облыстарынан келген сарапшы-ғалымдар, өңірдегі ғылыми және шығармашыл зиялы қауым, этномәдени бірлестіктер, жастар ұйымдары, қоғамдық келісім және аналар кеңестері жетекшілері мен мүшелері, ҚХА ғылыми-сарапшылық топтары мен кафедралары өкілдері қатысты.

akimat (20)

Шараға қатысушылар алдымен театр фойесінде батысқазақстандық қолөнер шеберлерінің көрмесін тамашалады. Пленарлық отырысқа төрағалық еткен Жансейіт Түймебаев «Qazaqtany» жобасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісіне арналғанын, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында оны жаңа қырынан толықтыруға бағытталғанын ерекше атап өтті.

- Батыс Қазақстан облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы татулықпен бірлікті нығайтуға қомақты үлес қосуда. Дәл осы өңірде бүкіл ел бойынша халықпен жұмыстың маңызды құралы болып табылатын ҚХА-ның алғашқы қоғамдық келісім кеңестері құрылды. «Qazaqtany» жобасы жалпықазақстандық ұлттық бірегейлікті нығайтудың рухани бастамасы.

akimat (25)

Жалпы алғанда, жоба тек қазақстандық этностарға ғана емес, бүкіл қоғамға, оның ішінде қазақтарға де арналған. Қазақстанды мекен еткен бүкіл ұлттар қазақ халқының тілін, мәдениетін, тарихын, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін жақсылап білуі керек, мойындауы қажет. Сол елдің тілінде сөйлей алуы қажет. Мемлекте басшысы Қазақстан халқына жолдауында қазақ тілінің жақын маңда ұлтаралық тіл ретінде қолданылатын кезі туады деп айтқан болатын. Тіл, діл, рухымыз, болмысымыз ұштасқан жағдайда Қазақстан іргелі мемлекетке айналады,-деді Жансейіт Қансейітұлы.

lektoriy (7)

«Ұлы даланың жеті қыры» және «Qazaqtany» жобалары аясында облыста қолға алынған шаралар туралы баяндаған өңір басшысы Ғали Есқалиев ұлтымыздың мәдениетін, тарихын, философиясын, сондай-ақ қазақ халқының құндылықтарын барлық қазақстандық этностар арасында дәріптеуге арналған аталмыш жиынның нарқы зор екендігін айтты.

lektoriy (4)

 - Облыста Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптама тобы Қазақстан халқы ассамблеясының кафедрасымен бірге,  аймақтағы қоғамдық келісімді және жалпыұлттық бірлікті нығайту, барлық бағдарламалық құжаттарды іске асыруды сараптамалық қамтамасыз ету шаралары аясында  «Qazaqtany» жобасына да зор көңіл бөліп отыр.

Ғылыми-сараптама тобы мүшелері дайындаған «Депортация дәуіріндегі қазақ халқының ізгілікті-гуманистік келбеті» атты жоба республика бойынша жүлделі орын жеңіп алды.

 Жыл басынан Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен республикалық «Қайырымдылық керуені» аясында, халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарын қолдауға бағытталған, Ұлы Даланың дәстүрлеріне негізделген «Мейірімді көктем» айдарымен «Сарқыт», «Сыбаға», «Шашу», «Асар», «Қамқор», «Тоқымқағар» тағы басқа қайырымдылық  акциялары жүзеге асырылды.

Осындай акциялар облысымыздың барлық аудандарында ұйымдастырылып, облыс бойынша 55 мыңнан астам адам қатысқан 700-ге жуық қайырымдылық шара өткізілді. Акция аясында көрсетілген қайырымдылық көмектің жалпы сомасы 44 млн. теңгені құрады, - деді облыс басшысы.

Пленарлық отырыста Ө.Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін Әбіл «Қазақы сәйкестік: тарихи аспектісі», ҚХА төрағасының орынбасары, сарапшы-исламтанушы Шерзод Пулатов «Ұлттық құндылықтар мен дәстүрлерді нығайтудағы діннің рөлі», Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің проректоры, тарих ғылымдарының кандидаты Жасқайрат Ерназаров «Батыс Қазақстан өңірінің қазақтар этнографиясы», ақын, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Шолпан Қыдырниязова «Тіл - тәрбие тетігі, бірлік бесігі», облыстық тарих және археологиялық орталығының директоры Жантас Сафуллин «Сармат қорғаны: археологиялық қазбалар» тақырыбында баяндама жасады.

Бұл мәселені жауыр болған кезектегі жиналыс деп қабылдамау қажеттігіне тоқталған Жансейіт Түймебаев соңғы жылдары «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруды құр есепке айналдыру белең алғанына қынжылатынын айтты. «Рухани жаңғыру құр жаңғырыққа айналып кетпеуі үшін атқарылған жұмыстардың нәтижесі халқымыздың, жас ұрпақтың, елімізде өмір сүріп жатқан этностардың өзара сыйластығында, бір-біріне деген құрметінде, күнделікті өмірінде көрініс тауып, рухани байлығына айналуы тиіс, - деді ҚХА төрағасының орынбасары.

Бұған дейін еліміздің Түркістан және Павлодар қалаларында өткен республикалық лекторий Орал қаласы мен облыстың үш ауданында екі күн бойы жалғасады.

Динара Жұмабекқызы

суретке түсірген Мейірбек Тажкуранов

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале