9.01.2018, 17:35
Оқылды: 101

БҚО-да «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша 2,6 млрд. теңгенің жобалары жүзеге асқан

 

 «Рухани жаңғыру» бағдарламасының 4 кіші бағдарламасы бойынша БҚО-да жүзеге асатын 44 кіші жоба мен 251 шараның тізімі жасалды. Өткен жылға белгіленген жоспарлар тиісті деңгейде орындалды. Жалпы сомасы 2,6 млрд. теңгенің жобалары жүзеге асты. Осы қаржының бір бөлігі бюджет есебінен бөлінсе, қалғаны меценаттар тарапынан қаралды. Бұл туралы аталмыш бағдарламаны іске асыру бойынша өткен облыстық сарапшылар кеңесінің отырысында облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов мәлімдеді.

Бүгін «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы ғимаратында өткен бұл жиынға мемлекеттік құрылым, қоғамдық ұйым, ассамблея өкілдері мен кеңес мүшелері қатысты.

-Былтыр жыл соңында «Рухани жаңғыру» бойынша республикалық жобалық кеңсесінен өңірлердегі сарапшылық кеңесін мемлекеттік қызметші емес, тәуелсіз азаматтар басқару жөнінде тапсырма келді. Былтыр бұл сарапшылық кеңеске мен жетекшілік жасаған едім. Енді мына тапсырмаға сәйкес ҚР Президенті әкімшілігінің келісімімен, облыс әкімінің шешімімен бұл қызметке облыстық мәслихаттың депутаты Нұрлан Серғалиев тағайындалып отыр. Ал хатшы болып Жәңгір хан атындығы БҚАТУ музейінің директоры, тәуелсіз сарапшы Нұржан Төлепов бекітілді. Кеңес мүшелері негізінен бұрынғы құрамда қалды. Осы жаңа құраммен жаңа 2018 жылғы жұмысымызды бастаймыз.

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын былтыр жариялады. Сол себепті өткен жыл бұл бағдарламаның қалыптасу жылы болды. Жобалық кеңсе жасақталды, сарапшылық кеңес құрылды, облысымызда, соның ішінде аудандарда бұл бағытта түрлі жұмыстар атқарылды. Елімізге танымал сарапшылар келіп «Рухани жаңғырудың» негізгі қағидаттарын жастарымызға түсіндірді. Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай ғылыми-практикалық конференция, өзге де маңызды іс-шаралар өтті. Жыл соңында облыс әкімі кейбір меценаттарды марапаттағаны белгілі. Сондай-ақ аудандар әкімдері «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аудан-ауылда жүзеге асатын жобаларының тұсаукесерін жасады. Бұл жобаның бәрі біртұтас картаға енгізіліп, республикалық кеңсемен келісілді. Жалпы жыл қорытындысында осы атқарылған іс-шаралар бойынша біз ел көлемінде алғашқы бестікке ендік. Бұл жақсы көрсеткіш,-деді жиынды ашқан Ғабидолла Абдоллаұлы.

Жиынның күн тәртібіндегі мәселелер бойынша баяндама жасаған облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырованың сөзіне қарағанда, «Туған жер» бағдарламасының «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы үш базалық бағытта іске асуда. Олар: рухани-құндылық және практикалық бағдар беру мақсатындағы «Өлкетану», баланың қабілет-қарымын, даму перспектикасы мен ертеңгі еңбек нарығындағы мүмкіндіктеріне орай «Саналы азамат» және жастардың бойында азаматтық, патриоттық, рухани-адамгершілік қасиеттерді қалыптастырып, дамытуға негізделген «Отаным – тағдырым» бағыттары. 2017-2022 жылдар аралығында өтетін 90 шара тізілімге енгізілді. Былтырдың өзінде 44 шара болып, оған 32 мыңнан астам адам тартылды. Ал биыл бұл тізілім бойынша 88 іс-шара ұйымдастырылып, 50 мың адам қамтылатын болады.

Азаматтық белсенділігі мен өз туған өлкесінің тағдыры үшін жауапкершілік сезімін нығайтуға бағытталған «Атамекен» кіші бағдарламасының өңірімізде жүзеге асуына жауапты болып белгіленген облыстық жастар саясаты басқармасы тарапынан да біраз жұмыс атқарылды. Аталмыш басқарма басшысы Аян Сақошевтің баяндауынша, өңіріміз бойынша 93 жоба тізілімге енгізіліп, оның 67-сі аяқталды.

Жиын барысында айтылғандай, сарапшылық кеңес мүшелері кіші жұмыс топтарға бөлінеді, олар тиісті бағыттар бойынша ұсынылатын жобаларды қарайды. Жалпы аталмыш бағдарлама бойынша жүзеге асатын барлық жоба сарапшылық кеңес мүшелерінің келісімен іске асады.

Сәкен Әбілхалықов,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале