29.03.2019, 17:06
Оқылды: 68

Сәуір айында БҚО-да 50 мыңнан астам көшет отырғызылмақ

ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің барлық елдімекендерін, қалалар мен ауылдарды көгалдандыру мен абаттандыруды көздейтін «Жасыл қала – жасыл ауыл» бағдарламасын іске қосуды тапсырған болатын. Республикадағы ең таза қала атанған Орал шаһарының халқы және оралдықтарға қоса барлық аудан тұрғындары аталмыш ұлттық жобаға қолдау білдірмек.

Сәуір және мамыр айларында облыс аумағында көпшілік сенбіліктер ұйымдастырылып, санитарлық тазалық шараларымен қатар абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары атқарылмақ.

20171028090800

-Көпшілік сенбіліктер аясында облыс аумағында елу мың көшет, соның ішінде Орал қаласында 10 мың көшет отырғызу жоспарланған. Жастар жылы аясында өңірдегі жоғары және арнаулы орта оқу орындарының білім алушылары барлық аудан орталықтарында үш мың көшет отырғызу туралы бастама көтеріп отыр. Көшет отырғызу 13, 20, 27-сәуірде жүргізіледі. Негізінен, емен, аққайың, күл ағашы, акация, қарағай көшеттері отырғызылады, - дейді облыстық табиғи ресурстар басқармасының бастығы Ринат Шәуенов.

Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаевтың айтуынша, шаһардағы алғашқы сенбілік ертең, яғни 30 наурызда басталып, әр сенбі сайын жалғасатын болады.

-Барлық мекеме-кәсіпорындарды, оқу орындары мен ұйымдарды жалпықалалық сенбілікке белсенді қатысуға шақырамын. Алғашқы екі сенбілік «Таза қала» деген атаумен өтеді. Әр мекеме өз ауласын, әр тұрғын өз үйінің маңын күл-қоқыстан тазалайды. Одан кейін «Көгалдандыру», «Абаттандыру», «Отбасылық сенбілік», «Жастар сенбілігі» ұйымдастырылады. Ортақ үйіміз Орал қаласын көркейту баршамыздың және әрқайсымыздың міндетіміз, - дейді шаһар басшысы.

Динара Жұмабекқызы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале