26.09.2019, 18:23
Оқылды: 613

БҚО-да соңғы бес жылда автокөлік жолдарын салу және күтіп ұстауға 1,8 трлн. теңге бөлінген

Облыс әкімдігінің мәжіліс залында «Сапалы жол – адалдық алаңы» жобасын таныстыру және аталған салада сыбайлас жемқорлықты болдырмау мәселесін талқылауға арналған кеңес өтті.

jol (7)

Аталмыш жиынға жол саласында қызмет көрсететін мекеме-ұйымдар мен құзырлы құрылымдардың басшылары, жол салумен айналысатын мердігер компаниялардың өкілдері, қоғам белсенділері қатысты.

БҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрдәулет Сәмет соңғы бес жылдың өзінде автокөлік жолдарын салу және күтіп ұстауға шамамен 1,8 трлн. теңге бөлінгендігін айтты. Сонымен қатар осы бағыттағы мемлекеттік қолдаудың барлық шарасына қарамастан, жол саласындағы қызмет нәтижесі көп ретте көңілден шыға бермейді.

«Мәселен, Дүниежүзілік экономикалық форумның 2018 жылға арналған жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингісіне көз салсақ, Қазақстан жол сапасы бойынша әлемнің 140 елінің ішінде бар болғаны 106-шы орыннан көрінген. Бұл көрсеткіш аталмыш салада жобалық басқару қағидаттарын енгізуге түрткі болды. Осы мақсатта ағымдағы жылдың 10 маусым күні «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК жанынан «Сапалы жол – адалдық алаңы» атты жоба іске қосылды. Жол құрылысындағы барлық талаптың сақталуын процесс барысында қадағалауды мақсат еткен жоба жұмысын жүзеге асыру үшін қоғамдық мониторингтік топ құрылды. Биылғы 25 шілдеде аталған бақылаушы топтың алғашқы отырысы өтіп, оның құрамы мен жұмыс барысында ұстанатын ережесі қабылданды. Қазіргі таңда арнайы белгіленген кесте бойынша жол құрылысы жүріп жатқан нысандарды аралау жұмыстары жүзеге асырылуда. Біздің облысымызда құрылған арнайы мониторингтік топ облыстық маңызды жолдарда жүргізіліп жатқан бес нысанды аралап үлгерді. Тасқала – Аққурай – Болашақ және Чапаев – Жаңақала – Сайқын бағытындағы автокөлік жолдарын жөндеу жұмыстары барысында анықталған технологиялық кемшіліктер мердігерлер мен техникалық қадағалау қызметі тарапынан қалпына келтірілді», - деді Нұрдәулет Ілиясұлы.

jol (5)

Сондай-ақ жол құрылысы саласындағы жұмысты бақылауды оңтайландыру мақсатында саланы цифрландыру жұмысы қолға алынып, белгілі бір учаскелердегі кемшіліктерді анықтап, бұл туралы мәліметті құзыретті құрылымға тікелей жолдау мүмкіндігін беретін мобильдік қосымша жасақталуда.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Медет Шақаевтың хабарлауынша, облысымызда 6500 шақырым жол болса, оның 1400 шақырымы республикалық, 5 мыңнан астамы жергілікті маңыздылығы бар жолдар екен. «Бүгінгі күні өңірімізде жүзеге асырылып жатқан «Сапалы жол – адалдық алаңы» жобасы қалаішілік жолдарға емес, республикалық және облыстық, аудандық маңызы бар жолдарға мониторинг жүргізеді. Бақылау шаралары барысында өрескел қателіктер анықталған жоқ, ал азды-көпті технологиялық кемшіліктерді жою үшін мердігерлермен, техникалық қадағалау қызметімен тығыз жұмыстанудамыз», - деп атап өтті Медет Махамбетұлы.

jol (4)

Отырыста Орал қаласында құрылған мониторингтік топтың мүшесі Асқар Ақышев жаяу жүргіншілер жолын сапалы салу, мониторингтік топ жұмысын БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы кеңінен жариялау туралы ұсыныс тастады. БАҚ өкілдері тарапынан соңғы уақытта жол-көлік оқиғалары жиі орын алатын Орал – Атырау бағытындағы жолды қалыпқа келтіру бойынша қандай шара алынып жатқандығы туралы сауал түсті. Сұраққа жауап берген «Қазавтожол» ҰК АҚ БҚО филиалының басшысы Ерекбұлан Жұманов жол апатының көпшілігі жүргізушілердің жылдамдықты шамадан тыс арттыруы салдарынан орын алатынын айтты. «Аталған жол бөлігінде жылдамдықты 90 км/сағ. көрсеткішінен арттырмау керектігін біле тұра, ережені бұзатындар көп. Алдағы уақытта Орал-Атырау республикалық маңызды жолын кеңейту жоспарда бар, қазіргі кезде жобалық-сметалық құжаттары жасақталуда», - деді Е.Жұманов.

jol (1) jol (2)

Аяужан КЕРЕЕВА,

суретке түсірген Мейірбек Тажкуранов

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале