15.08.2019, 11:49
Оқылды: 119

БҚО-да «Street workout» қозғалысы дамып келеді

Дастан Бижанов жетекшілік ететін «Street workout» қозғалысы жаттығу залына барып, арнайы диета ұстамай-ақ, қолжетімді құралдармен шынығу арқылы зор жетістікке жетуге болатындығын дәлелдеп келеді. АҚШ-та бастау алған көше қозғалысы біздің өңірімізде 2016 жылы алғашқы спорт алаңы қолданысқа берілген кезден басталды.

zhastar (2)

Бүгінде 13-16 жас аралығындағы жасөспірімдердің жоғары қызығушылығына ие болған қозғалыс 2018 жылы халықтық ойындар тізіміне енді. Енді олимпиадалық ойындар секілді төрт жылда бір рет ауқымды түрде өткізіліп тұрады.

 «Бүгінгі таңда біздің қозғалыс мүшесі Нариман Исмағұлов «Жастар керуені» бағдарламасы аясында облыс аудандарын аралап, балғындарға «Street workout» туралы және дұрыс жаттығудың қыр-сырлары жайын түсіндіріп жүр. Жәнібек, Бөкей ордасы, Қазталов және Жаңақала аудандарын аралап үлгердік, жыл соңына дейін барлық ауданды қамту жоспарымызда бар. «Жастар керуені» аясында әр ауданнан кем дегенде бір командадан жасақтап, алдағы уақытта ауқымды чемпионат ұйымдастырып, нағыз мықтыларды республикалық деңгейдегі сайыстарға шығарсақ деген ойдамыз», – дейді Дастан.

Ол аудандарда қолданыссыз тұрған алаңқайларды және қала ішіндегі ақаулы спорттық жабдықтарды ретке келтіру қажеттігін айтып, қысқы уақытта жаттығу жұмыстарын тоқтатпау үшін арнайы орын бөлуді ұсынды. Бұл ұсынысқа жауап ретінде Орал қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов: «Биыл Орал қаласында 31 спорттық алаң жөнделуде. Жаңа спорттық нысандарды салудан бөлек, бұрын қолданысқа тапсырылған алаңдарды сақтап қалу мақсатында жергілікті бюджеттен 20 млн. теңге қаражат бөлінді. Демеушілер және меценаттардың қолдауымен, жергілікті биліктің бюджеттік қаражатына салынған нысандарды күтіп ұстау мәдениеті ақсап тұр. Тұрғындар тарапынан жанашырлық болмауы салдарынан бүлініп, істен шыққан спорттық алаңқайларды қалпына келтіру жұмыстары тамыз айының соңында аяқталады. Сіздер айтқан олқылықтар жойылады, ал қысқы мерзімде арнайы спорттық зал бөлуге қолұшын созуға әзірміз», – деді.

Аяужан Кереева,

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале