21.02.2019, 19:11
Оқылды: 19

БҚО-да сыбайлас жемқорлықтан келтірілген залал 125 млн.теңге көлемінде өндірілген

Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет БҚО бойынша департаментінің басшысы Рустам Ақмырзаев департменттің атқарған жұмысын баяндады.

 Akmyrzaev

-2017 жылдан бастап «Таза қол – Чистые руки» пилоттық жобасы жүзеге асырылып, әкімдік және прокуратурамен аймақтағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірлескен кешенді шаралар жоспары әзірленген болатын.

2018 жылы департамент 86 сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылық тіркеді. Бұл - 2017 жылға қарағанда 5,5% төмен көрсеткіш. Тіркелген қылмыстардың ішінде парақорлық 44,2%, бөтеннің мүлкін ұрлау және алаяқтық 37,2%, лауазымдық қызметін асыра пайдалану 24,4 пайызды құрады,-деді Рустам Сапарбекұлы.

Рустам Ақмырзаевтың сөзіне сүйенсек, 74 қылмыстық іс өндіріспен, аяқталып сотқа жіберілген. Сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны үшін 40 адам сотталған. Оның ішінде 10-ы бас бостандығынан айырылса, 21-іне айыппұл төлеу, 9-на басқалай жаза түрі тағайындалған.

Тергеумен аяқталған қылмыстық істер бойынша келтірілген залал көлемі 375,7 млн. теңге болса, соның 125 миллионы өндірілген.

Жергілікті атқарушы орган қызметкерлерінің арасында 46 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелген, олардың 16-сы қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Қылмыс жасаған 33 ішкі істер органдарының қызметкерінің 22-сі жауапкершілікке тартылған.

Бұған қоса 4 министрліктің аймақтық құрылым қызметкерлері жауапкершілікке тартылыпты. Атап айтсақ, олардың арасында Бөкейорда ауданының қорғаныс істері бойынша бөлімінен – 1, БҚО бойынша Әділет департаментінен – 2, мемлекеттік ішкі аудит бөлімінен – 1, сондай-ақ ҚР Ұлттық банкінің облыстық бөлімшесінің 2 қызметкері мен квазимемлекеттік секторының 2 қызметкері бар.

-Былтырғы қорытынды бойынша, аудандар арасындағы ең нашар көрсеткіш Бөрліде. Ауданда 27 құқық бұзушылық жасалып, 4 лауазымды тұлға жауапқа тартылды. Теректіде 9 құқық бұзушылық анықталып, 3 тұлға жауапқа тартылды.

Бөкейорда, Жәнібек, Бәйтерек, Сырым, Тасқала аудандарында  сыбайлас жемқорлыққа қатысты  бір ғана қылмыс анықталды.

Айта кетейін, 2016 жылдан бастап қолданыстағы заңнамаға сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылық туралы хабарлаған немесе көмек көрсеткен тұрғындарға ақшалай сыйақы беріледі. Сыйақы мөлшері 30-дан 70 айлық есептік көрсеткішке дейін. Өткен жылы 7 азаматқа сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар лауазымды тұлғаларды ұстауға көмектескені үшін 913,9 мың теңге төленді, -деді Р.Ақмырзаев.

Динара Насыр,

«Жайық Пресс»

ақпарат агенттігінің тілшісі

© zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram -дағы парақшамыздан және Telegram каналымыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале