13.09.2017, 11:43
Оқылды: 23

БҚО-да «Тұрақтылық кепілі - қауіпсіздік» жобасы басталды

Жоба жайлы облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексовтың төрағалық етуімен өткен ведомствоаралық кеңес отырысында айтылды.


Аталмыш жобаны іске асыру бойынша жұмыс тобының кезекті отырысын ашқан И.Стексов бұл жобаның еліміздің Бас прокуратурасының бастамасымен 2016 жылы Ақтөбе облысында жүзеге асырылғанын, оған түрлі министрліктердің мамандары тартылғанын және жобаның оң нәтиже бергенін айтты. Енді көршілердің өнегесімен «Тұрақтылық кепілі - қауіпсіздік» жобасы өңірімізде іске асырылады.

- Жобаның бірінші кезеңінде облыстың алты ауданын, соның ішінде Ақжайық, Бөрлі, Жаңақала, Сырым, Теректі, Зеленов аудандары мен Орал қаласын қамту жоспарланған. Жоба 11 қыркүйектен бастап 10 қазанға дейін жүзеге асырылады. Бұл жоба облысымызда да өз нәтижелілігін көрсетеді деп сенемін, -деді облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов.

БҚО прокурорының орынбасары Тажден Наймановтың айтуынша, прокуроратура органдарымен облыс әкімдігі бірлесіп аталмыш жобаны іске асыратындарын, алты ақпараттық-насихат тобының алты ауданға іссапарға шығатынын, көршілес облыста жоба аясында 100-ден астам шара өткізіліп, 20 мыңнан астам адам қамтылғанын баян етті. «Жобаның мақсаты - тұрғындардың қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық өзекті мәселелер бойынша ақпараттандырылу деңгейін көтеру.

Бұл жобаны жүзеге асырудың ұйымдастыру мәселелері бойынша дін істері басқармасымен іс-шаралар жоспары жасақталған. Бастысы тұрғындарға дін, білім, денсаулық, әлеуметтік қорғау, құқық қорғау, мемлекеттік қызмет салаларындағы мемлекеттік саясатты түсіндіру болып табылады. Сонымен қатар нормативтік-құқықтық базаны түсіндірумен топтың құрамына енген прокуратура органдарының өкілдері айналысады. Экстремизм және терроризмге, сыбайлас жемқорлыққа, заңсыз іс әрекеттерге қарсы түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Әйелдер аудиториясымен де мақсатты жұмыстар жоспарланған», - деген Тажден Найманов түсіндіру, ақпараттандыру жұмыстарына сергек қарауға, «науқаншылдыққа» айналдырмауға шақырды.

Сондай-ақ тұрғындарды мазалайтын өзекті мәселелермен танысып, олардың қайсыбірін жергілікті жерлерде шешудің маңыздылығын жеткізді.

Жиында «Тұрақтылық кепілі - қауіпсіздік» жобасын жүзеге асырудың ұйымдастыру мәселелері туралы БҚО дін істері басқармасының басшысы Саялбек Ғиззатов жан-жақты баяндады.

 Гүлбаршын ДЫБЫСҚАЛИҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале