18.02.2020, 19:56
Оқылды: 242

БҚО-да ұлы ақын Абайдың 175 жылдығына арналған шаралардың ресми ашылуы өтті

Бүгін Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында қазақтың біртуар ұлы данышпаны, ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған «Абай  –  халықтың рухани қазынасы» атты салтанатты шара өтті.

teatr (1)

Шараға қатысқан облыс әкімі Ғали Есқалиев рухы мықты ұрпақ тәрбиелеу үшін Абай шығармашылығына терең бойлау қажеттігін баса айтты.

– Бүгін біз ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орайластырылған шаралардың ресми салтанатты түрде ашылуын бастап отырмыз. Жыл бойы облысымызда ұлы ақынды ұлықтауға арналған ғылыми-тәжірибелік конференция, халықаралық жастар жиыны өзге де шаралар ұйымдастырылып, Абай алаңы абаттандырылмақ. Рухы мықты жас ұрпақты тәрбиелеу үшін Абайдың құдіретті сөзі қажет. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек. Ұлы ақын ұлтының кемшілігін қатты сынаса да, қазағын халқын төрге жетелеуді ғана мақсат тұтты» деп жазды. Абай Құнанбайұлы - гуманист ақын. Ол дінге, ұлтқа, әлеуметтік жағдайына қарамай, «Адам адамды сүйе білуі керек» деген идеяны берік ұстанған. Бұған «Кемді күн қызық дәурен тату өткіз, Жетпесе біріңдікін бірің жеткіз» деген сөздері дәлел болады. Осы өлең жолдарында ұлт достығы мен татулықты жырлап, басқа түскен қиындықты бірге жеңуге шақырған.  Ақ Жайық өңірі әлем әдебиетінің классиктері А.Пушкин, Л.Толстой, И.Крылов, И.Даль және басқа да танымал ақын-жазушылардың ізі қалған тарихи мекен. А.Пушкин, И.Крылов, М.Лермонтовтың шығармаларын қазақ тіліне аударып, күллі қазаққа танытқан Абай атамыз болатын. Осы бағытта қаламыздағы А.Пушкин музейінің жұмысын жаңа бағытта жүргізіп, музейге келушілерге орыс әдебиеті классиктерінің мұралары Абай арқылы жаңа қырынан көрсетілетін болады. Біздің өңірдің бір ерекшелігі -  Ресей Федерациясының бес облысымен шектесетіні бәріңізге мәлім. Аталмыш облыстарда 470 мыңға жуық қандасымыз тұрады. Алдағы уақытта Ресейдегі қандастарымызға Абай мұраларын кеңінен насихаттап, шығармаларын қазақ диаспорасы өкілдеріне таратуды қолға алмақпыз. Абай Құнанбайұлының біздің өңірмен тағы бір байланысына тоқталар болсақ, Алаштанушы Тұрсын Жұртбай ағамыз бір сөзінде Құнанбай қажы баласы Абайды Семей қаласында орналасқан медресеге оқуға бергенін айтады. Үш айдан кейін «Мына бір жас молданың оқуы күшті екен» деп Қамараддин молдаға ауыстырған. Абайға ұстаз болған оқымысты, діндар, ғалым Қамараддин Бижомартұлы 1877 жылы Бөкей ордасында дүниеге келген екен. Осындай құнды тарихи шежірелерімізді кейінгі ұрпаққа насихаттап, Абай атамыздың өшпес дүниелерін ұрпағымызға өнеге етіп қалдыруымыз керек – деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

teatr (2)

Облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаеваның айтуынша, өңірімізде Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай 800-ден астам ірілі-ұсақты іс-шаралар өткізу жоспарланған.  Оның ішінде төрт халықаралық, алты республикалық деңгейде өтетін шаралардың маңызы зор болмақ.

teatr (8)

Зере ана  мен Абайдың диалогымен басталған рухани кешке студент жастар көп қатысты. Салтанатты шарада Абайдың өлеңдері, қарасөздері, өзге тілге аударылған шығармалары, «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» атты әндері    орындалды. Өңір өнерпаздары Абайдың өсиет-өнегесін зал толы көрерменге жеткізуге тырысты.  Ұлы ақынның «Көзімнің қарасы» әнін зал толы көрермен хормен бірге  шырқады.

teatr (7)

teatr (6)

Гүлжамал Жолдығали,

Суретке түсірген Эльвира Меңдіғали

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале