24.07.2019, 17:42
Оқылды: 328

БҚО-да ұрлықпен айналысқан 48 топ ұсталған

БҚО өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте сөйлеген Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті басшысының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Серік Сүйінбаевтың дерегінше, биылғы жартыжылдықта тіркелген қылмыстардың жалпы саны 5%-ға қысқарды. Өткен жылмен салыстырғанда, қылмыстың ашылуы 2%-ға артып, 70%-ды құрады.

WhatsApp Image 2019-07-23 at 17.42.40

Ұрлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық бағдарлама өз нәтижесін беруде. Арнайы және жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ұрлық жасаған 1087 адам ұсталып, 48 қылмыстық топ әшкереленді. Сондай-ақ «өткен жылдар» санатына енген 149 ұрлық ашылды.

Биыл өңірімізде 423 бас мал, 194 жылқы, 84 ірі қара, 142 қой-ешкі қолды болған. Қабылданған шаралар нәтижесінде ұрланған малдың 53%-ы, 224 бас мал немесе 83 жылқы, 42 ірі қара, 99 қой-ешкі қайтарылды. Мәселен, Жаңақала және Бөкейорда аудандарының аумақтарында мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топтың жолы кесілді. Ол топтың құрамында үш адам болған. Облыс бойынша жедел-іздестіру нәтижесінде мал ұрлығын жасағаны үшін 87 адам мен 13 қылмыстық топ ұсталды.

– Ауыл тұрғындары үшін мал бағу күнкөріс қамы болғандықтан, жедел қимылдауға тырысамыз. Бірақ ұрлықтың белең алуы мал иелерінің салғырттығынан және бақташылықтың дұрыс жолға қойылмауынан болып отыр. Малды жайылымға емін-еркін жібереді де, ұзақ уақытқа қараусыз қалдырады. Қылмыс көрсеткішінің 69% жағдайында мал жайылымда ұрланатыны анықталды. Жедел түрде полицияға хабарламай, өз бетімен іздестіріп, уақыт оздырып алады. Содан қылмыстың ізін суытпай ашу мүмкіндігі төмендейді. Мал ұрлығы туралы өтініштері расталмаған жағдайлар көп. Жедел іздестіру іс-шаралары барысында біз оны даладан табамыз. Ағымдағы жылы қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмаған 91 факті тіркелді, яғни мал ұрлығы нақты болған жоқ, – деді Серік Сүйінбаев.

Полковниктің сөзінше, пәтер ұрлығы 23%-ға азайғанымен,  олардың үштен бір бөлігі ашылмай отыр. 485 пәтер ұрлығының 317-сінде ұрыларүйдің ішіне емін-еркін енген. Осыған байланысты полицейлер халыққа қорғау жүйесін орнату қажеттігін түсіндіруде. Нәтижесінде биыл 346 пәтер және азаматтар үйіне қарауыл көзі қойылды. Жеке күзет ұйымдары 3669 нысанды, оның ішінде 1 597 пәтер және азаматтар үйлерін күзетуді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар 5 мыңнан астам кіреберіске домофоны бар металл есіктер қойылған және кодтық құлыптармен жабдықталған. Облыста пәтер ұрлығымен айналысқан 300-ге жуық баукеспе және 7 қылмыстық топ анықталды.

–Қалта ұрлығының фактілері көбеюіне қарамастан, олардың ашылу көрсеткіші 7%-ға артты.  Бұл бағытта Орал қаласының полиция басқармасын құрған мамандандырылған топ белсенді жұмыс істеуде. Ұрлықтың 85%- ында ұялы телефондар қолды болуда. Жәбірленушілердің тең жартысы дерлік, полицияға екі күннен кейін жүгінген. Қалта ұрлығының алдын алу мақсатында базарлардың, сауда-ойын-сауық орталықтарының және автопарктердің басшыларымен тиісті өзара іс-қимыл жолға қойылды, – деді департамент басшысының міндетін атқарушы.

Оның айтуынша, облыста есірткіге елтіп, тағдырын нашаға байлағандар да тыйылмай тұр. Жыл басынна бергі алты ай ішінде есірткі қылмысына қатысты 291 дерек анықталды. Оның ішінде аса ірі көлемде есірткі құралдарын заңсыз сақтаудың 15, құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсірудің 5 фактісі тіркелді. Екі есірткі притоны әшкереленді. Заңсыз айналымнан 8 келіден астам есірткі және психотроптық заттар алынды.

– Бірінші жартыжылдықта «102» қауырт желісі арқылы 50 мың хабарлама түсті. Соның 4 мыңы ғана қылмыстық істің орын алуына байланысты. Операторлар кейде телефон шалғандармен сөйлесуге 7 минутқа дейін уақытты жоғалтады. Жедел-басқару орталығы хабарламаны тіркеген соң, патрульдік топ бес минут ішінде қылмыс болған орынға жетіп болуы тиіс,-деді облыстық полиция департаменті басшысының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Серік Сүйінбаев.

Полковниктің мәліметінше, аса ауыр қылмыстар саны 10%-ға және ауырлығы орташа қылмыстар 15%-ға, кісі өлтіру саны 37%-ға, ұрлық 15% - ға қысқарды. Брифингте Серік Сүйінбаев полицияның халықпен өзара іс-қимылын жақсарту, басшылық қабылдауын кезексіз және алдын ала жазусыз ұйымдастыру, сондай-ақ халықтың полиция органдарына сенім деңгейін арттыру мақсатында  өткен «Жолдағы қабылдау» акциясы жөнінде айтты.

Нұртай ТЕКЕБАЙ,

zhaikpress.kz

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале