30.04.2020, 23:10
Оқылды: 142

БҚО-да үш жаңа сайт іске қосылмақ

Бүгін облыс әкімі Ғали Есқалиевтың төрағалығымен өткен жиналыста Ticket07.kz, Komek07.kz және 15000.kz сайттары таныстырылып, олардың қызметі талқыланды.

AD81555E-E638-485E-83D2-EB9CBAB34193

Жиын барысында Komek07.kz сайтымен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алтай Құлқаев  таныстырды. Бұл сайт облыстағы әлеуметтік-осал топтағы тұрғындармен тиімді кері байланыс орнату үшін жасақталды. Сайт  азаматтарға көрсетілетін  қайырымдылық шараларының ашықтығын көрсетеді. Сонымен бірге облыста көмекке мұқтаж қанша адам бар екенін білуге мүмкіндік береді. Алтай Есмағұлұлының сөзінше, бүгінде облыста 3670 аз қамтылған және 7 899 көпбалалы отабасы 24 401 мүгедек, 90 667 зейнеткер бар. Ал  2 380 зейнеткер жалғыз тұрады. Көмекке мұқтаж адам Komek07.kz сайтына тіркеліп, өзі жөнінде мәліметтерді және қандай көмек қажеттігін жазады. Ал жомарт жандар, меценаттар көмек күткен адамды сайттан таңдап алады. Komek07.kz сайтының қызметіне қатысты сұрақтар қойып, жауабын алған облыс әкімі Ғали Есқалиев оған оң бағасын берді. Енді 1 мамырдан бастап Komek07.kz  сайты іске қосылады.

64A52011-C597-4175-81E6-366FBB6A7359

Тұрғындардың игілігі үшін қолға алынған сайттың бірі – 15 000.kz сайты. Сайт жұмысымен облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Рүстем Закарин таныстырды. «Ел Президентінің тапсырмасымен коммуналдық шығындарды өтеу үшін әлеуметтік тұрғыда қолдауға мемлекет бюджетінен 15 000 теңге беріледі. Тұрғындар тарапынан осы көмекті қалай алуға болатыны, бұл көмек кімге тиісті екені жөнінде сұрақтар көп түсуде. Бұл сайт осы мәселені шешуге ықпал етеді. Коммуналдық төлемге берілетін 15000 теңгені бекітілген санаттағы адамдардың бәрі алады. Сондықтан ол үшін алаңдаудың қажеті жоқ», - деді облыс басшысы Ғали Есқалиев. Әзірше соңғы тетіктері жасақталып жатқандықтан, 15000.kz сайты  келесі аптадан бастап іске қосылады.

F19EB501-E96E-42B6-9865-9562EB960F58

Жиын барысында облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сайран Дүйсенов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен  Есендияров пен облыстық білім басқармасының басшысы Айымгүл Тржанова өз салалары бойынша Ticket07.kz сайттың жұмысын атап көрсетті. Бұл сайт тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға арналғанын атап өткен жөн. Себебі сайтқа «кірген» кезде мәдениет, спорт, білім бағытында күн сайын өтетін шаралардың кестесі көрсетіледі. Ал өтіп кеткен іс-шараларды мұрағаттан тамашалауға болады. Сонымен бірге сайттан облыстағы рухани-мәдениет мекемелерінің жұмысымен оналайн аралап, танысуға жағдай жасалады. Облыс басшысы бұл сайт бойынша мәдениет басқармасына бірқатар сын-ескертпелер айтып, алдағы аптада олқылықтарды жою қажеттігін  ескертті.

- Төтенше жағдай жарияланғаннан кейін облыста кейбір мәселелерді шешу үшін цифрландыру жұмыстары қолға алынған еді. Соңғы айда stopcovid.kz сайты іске қосылды. Қазір мәдениет пен спорт саласы, әлеуметтік қолдау бойынша сайттар жасақталуда. Олар тұрғындардың сұрақтарының шешімін табуға  оң ықпал етеді.  Сайттардың жұмысы тұрғындарға жан-жақты түсіндіріледі, - деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Ясипа Рабаева

Суреттерді түсірген Эльвира Меңдіғали

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале