6.10.2017, 17:15
Оқылды: 39

БҚО-да ұстаздар ұлықталды

 

Оралда «Ұстаз – ұлы есім» атты мұғалімдер күніне арналған салтанатты кеш өтті. Мерекелік шараға білім беру саласының үздіктері, ардагер-ұстаздар, облыстық, қалалық және аудандық білім мекемелерінің басшылары мен жас ұстаздар қатысты.

-Білім күші құдіретті. Ол бар жерде әр елдің даму үрдісі үздіксіз жүріп тұрады. Білім мен ғылымның арқасында өркениет дамып, мәдениет гүлденеді. Адам баласы да өмірде өз орнын білім арқылы табады. Ұстаздың қоғам мен адамзат алдындағы еңбегі өлшеусіз. Жас ұрпақтың тәрбиесі мен мемлекеттің гүлденуі жолындағы абройлы істеріңізге толымды табыс тілеймін, - деді өңірдің ұстаздар қауымын төл мерекесімен құттықтаған облыс облыс әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаева.

Ұстазға құрмет – білімге көрсетілген құрмет. Мұғалімдер күні мерекесіне орай ұрпақ тәрбиесі жолында зілбатпан жауапкершілікті арқалап, уақытпен санаспай ұзақ жыл жемісті еңбек етумен қатар, білім саласына жаңа леп, жаңа толқын алып келген үздік ұстаздар құрметке бөленді. Атап айтар болсақ, Бөрлі ауданы, Ақсай қаласының №6 орта мектебі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, жаңашыл ұстаз Айымгүл Оспанова, Жәнібек ауданындағы Е.Ниетқалиев атындағы мектептің география және биология пәндерінің мұғалімі Еркін Есенова, Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжінің оқытушысы Айнұр Қайырлиева, Жаңақала мектеп-гимназиясының орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, шәкірттері жыл сайын аудандық, облыстық, республикалық білім бәйгелерінде топ жарып жүрген тәжірибелі ұстаз Сәуле Аманова, Шыңғырлау орта мектебі орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, жаңашыл, шығармашыл ұстаз Гүлбағила Жұмабаева, дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» мамандандырылған облыстық мектеп лицей-интернаты директорының орынбасары, халықаралық, республикалық олимпиадаларда жеңімпаз атанған шәкірттер тәрбиелеген Олжас Бектұрғанов, Қазталов ауданына қарасты Қараөзен мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, ақын мұғалімдер облыстық мүшәйрасының «Жыр жүйрігі» аталымының иегері Медет Жанболатов, Сервис және жаңа технологиялар колледжінің «Кондитер» мамандығы бойынша өндірістік оқыту шебері Нұргүл Нұрғалиева, С.Сейфуллин атындағы №11 дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернат кешенінің тарих және құқық пәндерінің мұғалімі Амантай Рахметов және Орал қаласындағы №42 «Ақ ниет» гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Сандуғаш Испановалар Батыс Қазақстан облысы әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды. Қазталов ауданы, Ғ. Қараш атындағы Қараоба мектеп-гимназиясының мұғалімі Ләззат Есекеноваға ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин» атындағы төсбелгісі табысталса, білім және ғылым қызметкерлерінің облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Марат Даупаев, Жәнібек аудандық білім беру бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Аққу Нұрғалиева, Бөрлі ауданы Ақсай қаласының №3 орта мектебі бастауыш сынып мұғалімі Гүлнар Есмағұловалар «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды.

Салтанатты шара барысында «Ұстаздар әулеті» аталымы бойынша Бөкей ордасы ауданынан Сабировтар (әулеттің педагогикалық еңбек өтілі 249 жыл), Тасқала ауданынан Тұрғаналиевтер (196 жыл) және Ақжайық ауданынан Құлбарақовтар (190 жыл) отбасылары жеңімпаз атанып, бағалы сыйлықтарға ие болды.

Биыл мұғалімдер мерекесінде алғаш рет «Ұстазға тағзым» номинациясы ұйымдастырылып, өңірдің үздік мамандары, түрлі салада жемісті қызмет жасап жүрген шәкірттері өздерінің ұстаздарына арнайы сый-сияпат жасады. Бұдан өзге «Жыл ұстазы», «Заманауи әдіскер», «Жалынды жас маман» аталымдарының және «2017 жылдың үздік педагогі» республикалық байқауының жеңімпаздары да сахна төріне шақырылып, құрметтелді.

Д. ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале