24.12.2020, 20:20
Оқылды: 244

БҚО-да үздік спортшылар марапатталды

Бүгін Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында өткен «Жыл қорытындысы - 2020» салтанатында облыстың жетістікке жеткен спортшылары мен спорт жанашырлары марапатталды. 

сп4

Елімізді дүниежүзіне танытатын бірден-бір құндылық спорт екені даусыз. Өңір спортшылары осы үдеден шығып, талай байрақты додада топ жарып жүр. Жүлдегер атанып, жігерін одан әрі жанып жүргендер де жетерлік.

Салтанатты шарада сөз алған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияров пандемияға қарамастан  ұйымдастырылған түрлі жарыстардың үздіктерін атап өтті.

сп3

Басқарма басшысы алдымен спортшыларды облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапаттады. Олардың қатарында бокстан ҚР спорт шебері, ересектер арасында биыл өткен ҚР чемпионатының жеңімпазы Даниял Сәбит, дойбыдан ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ересектер арасында биыл онлайн өткен әлем кубогі кезеңінің жеңімпазы Анель Давлетова, бокстан жоғары деңгейдегі ІІ санатты жаттықтырушы Асланбек Сармалаев және басқалар бар.

сп7

Сонымен бірге ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «ҚР құрметті спорт қайраткері» төсбелгісі БҚО бадминтон федерациясының президенті Валерий Жүнісовке, БҚО су спорты түрлерінің федерациясының президенті Серік Нұрғалиевке тапсырылып, бірқатар спортшы спортты дамытуға қосқан үлесі үшін арнайы төсбелгімен марапатталды.

сп8

Айта кету керек, таяуда Алматы қаласында Қазақ спорт және туризм академиясы мен «Спорт жұлдыздары» республикалық журналы «Жыл үздігі -2020» салтанатын өткізген. Сол іс-шарада облыс әкімі Ғали Есқалиев «Спортқа жанашыр үздік облыс әкімі» аталымының жеңімпазы атанған, ал  облыстық басқарма «Үздік облыстық спорт басқармасы» аталымына ие болыпты.

сп9

Сондай-ақ үздіктердің қатарында батысқазақстандық кәсіпкерлер, спорт жанашырлары да бар. Ал бокстан ел чемпионы атанған Даниял Сәбит «Үздік боксшы - 2020» аталымымен марапатталды.

Салтанатты шарада бірнеше спортшы мен спорт жанашырлары облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының алғыс  хатымен марапатталды. Спорт ардагерлері Марат Есмағұлов, Тілек Кәкенов, Мереке Жұмағалиев және Құрманғазы Тайғалиев «Қазақстандық спорттық және жауынгерлік самбо федерациясы» РҚБ-ның «Құрметті спорт ардагері» медалімен марапатталды.

Айна Имашева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале