26.10.2017, 16:46
Оқылды: 25

БҚО-да халыққа қызмет көрсету орындарына жүгінушілер көп

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев Теректі ауданындағы Подстепный, аудан орталығы Федоровка ауылдарында болып, ондағы мемлекеттік мекемелердің халыққа мемқызмет көрсету жұмыстарының барысымен танысты. Төрағаның орынбасарымен бірге облыс әкімі Алтай Көлгінов, облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов, Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев та болды.

А.Шпекбаев Подстепный селолық округінің әкімдік ғимаратындағы екі ай бұрын ашылған өз өзіне қызмет көрсету бұрышының жұмысымен жете танысты.  Округтің 9956  тұрғыны бар. Мұнда электронды қолтаңбасыз 30 қызмет түрі көрсетіледі. Бұрыш қызметін пайдалануға күніне 20 шақты адам келеді. Олардың көпшілігі мекенжай, мүлік, қарыз жөнінде анықтама қағаздарын алуға келеді. Төрағаның орынбасары аталмыш бұрыштың жұмысын тұрғындардың бір жапырақ қағаз үшін аудан орталығына жүгірмесі үшін кеңінен насихаттауды, ақпараттық көрнекіліктерде көрсетілетін мемқызметтерді нақтылап жазуды тапсырды.

Бұдан кейін А.Шпекбаев Подстепныйдағы дәрігерлік амбулаторияның жұмысымен танысып, дәрігерлермен тілдесті. Мұнда төрағаның орынбасары «Қазмединформ» электрондық қызмет жүйесінің жұмыс барысы жайында сұрап білді. Бұл жүйенің маманы Алексей Непростың айтуынша, еліміздегі Алматы, Атырау, Ақтөбе және біздің өңірімізде қолға алынған жобаның өз артықшылықтары көп.

Теректі аудандық халыққа қызмет көрсету орталығында болған А.Шпекбаев ондағы барлық қызметтің автоматтандырылғанын, аудан бойынша көрсетілетін мемқызметтердің 7 пайызының  ХҚКО арқылы өтетін сұрап білді. «БҚО-да халыққа қызмет көрсету орындарына жүгінушілер көп, өзге өңірлерде мұндай орталықтарға барғаннан гөрі мемқұрылымдардың қызметтеріне жүгінгенді жөн көреді. Өзге өңірлермен салыстырғанда мұнда жоғары. Республика бойынша 26 пайыз болса, БҚО-да 46 пайыз! 20 пайызға жоғары. Мұндай жақсы тәжірибені тарату керек», - деді А. Шпекбаев орталықтың қызметіне көңілі толып. «Облыс тұрғындары халыққа қызмет көрсету орталықтарына сенеді, сол сенімнен айырылмау керек», - деп қорытты сөзін А. Шпекбаев.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале