Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында кәмелетке толмаған И.Лапина мен он тоғыз жастағы Н.Мақсотқа үкім жарияланды. Қанды оқиға былтыр тамыз айында Орал қаласының Коминтерн кенті Беляева көшесі 35-үйде болған.
Нақтырақ айтсақ, сотталушы Иринаның анасы Вероника Лапина Бәйтерек ауданының Үлкен Шаған ауылындағы қызына хабарласып, азаматтық некедегі жұбайы, жәбірленуші Е.Есқалиевтің мас күйде жанжал шығарып жатқанын айтады. Бұл кезде қыздың қасында досы Нұрхан Мақсот болған. Өгей әкесінің анасын төрт жасар сіңілісімен бірге далаға шығарып жібергенін естіп, ашуға булыққан жасөспірім қыз досы екеуі жолға шығып, бір сағаттан кейін Коминтерн ауылындағы Лапиндердің жалдамалы үйіне жетеді. Ашуға булыққан жасөспірім Ирина Лапина анасын жақтап, өгей әкесімен жанжалдасады. Бірнеше мәрте жәбірленушінің бетінен шапалақпен де тартып жібереді. Сол кезде Нұрхан Мақсот сөмкесінде жүрген қолорақтың үшкір тұсымен жәбірленушінің оң иығынан ұрып кеп жібереді. Қол орақты жігіт сол күні досына қайтармақ болып алып шыққан. Содан кейін И.Лапина мен Н.Мақсот қыздың анасы мен сіңілісін сол елді мекендегі таныстарының үйіне апарып, екеуі түн ортасында яғни сағат 03.00-де оқиға орнына қайтып келеді. Бұл уақытта Е.Есқалиев мас күйде өз төсегінде ұйықтап жатқан. И.Лапина оны оятып алып, анасынан кешірім сұрауды талап етеді. Мұның соңы жанжалға ұласып, ашуға булыққан екеуі әбден соққыға жыққан. Қолорақпен, шәйнекпен, табамен, асүй балтасымен басына, денесіне бірнеше мәрте тиген соққыдан 40 жастағы Е.Есқалиев сол жерде жан тапсырады.
-Тергеп-тексеру кезінде қаладағы кешкі мектептің 10-сыныбында оқитын И.Лапина мен оның еш жерде жұмыс жасамайтын 19 жастағы досы Н.Мақсоттың кінәлары толық дәлелденді. Іс бойынша сотталушылардың жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды, жәбірленуші тараптың пікірі ескеріле отырып, Нұрхан Мақсотқа 15 жыл, ал Ирина Лапинаға 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталушы Н.Мақсот жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде, ал кәмелетке толмаған И.Лапина кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтейді,- деді судья Шара Зайнуллина.
Гүлсезім Бияшева
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер