18.01.2019, 18:06
Оқылды: 28

 БҚО-да жемқорлыққа қарсы жобаға сарапшылар жиналуда

Елімізде азаматтардың мемлекеттік билік институттарына деген сенімін арттыру, жемқорлық деңгейін төмендету және сыбайлас жемқорлықтан ада қоғамдық ахуал қалыптастыру - күн тәртібінен түспей тұрған мәселе.

 «Ақжайық – адалдық алаңы» жобасы дәл осы бағыттағы іс-шараларды атқаруды өзінің жұмысына арқау етіп отыр. Жобаның кеңсесі облыс әкімдігінің ғиаратында орналасқан. Облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұловтың жүргізуімен өткен кездесуде жобаның жобалау топтары бас қосып, жаңа бастаманың ұйымдастыру мәселелерін талқыға салды. Жоба Елбасының Жолдауында айтылған «Жемқорлықтан ада өңірлер» жобасын облыстарда жүзеге асыру бағытында қолға алынған. Адалдыққа үндейтін жобаны ұйымдастыру жөнінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Болат Исақов баяндады.

jinalys (2)

Оның сөзінше, облыс әкімінің келісімімен жоба басшысы болып тағайындалған облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және архивтер басқармасының әкімшілік бөлімінің басшысы Орынбек Насимуллин ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясында біліктілігін арттырған. Болат Әлмұханұлы айтып өткендей,  жобаны жүзеге асыру бағытында білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, сәулет, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары, мемлекеттік кіріс органдары, сот және құқық қорғау органдары салалары бойынша жобалық топтар құрылған. Қазір жобалық топ құрамында 34 мемлекеттік қызметкер бар. Алдағы уақытта оның құрамына кәсіпкерлер, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері қосылатын болады.

- Жобалау кеңсесі өзекті мәселелерді анықтап, оның себеп-салдарын ашуы қажет. Әр басшы өз саласындағы жемқорлыққа қатысты проблемаларды жақсы біледі. Сондықтан да басшылар жобалау кеңсесіне келіп, жоба барысындағы жұмыстар бойынша қандай нәтиже немесе қандай кедергі барын талқылап, өз ұсыныстарын білдіре алады. Жоба халықтың өмір сүру сапасын көтеріп, мемлекеттік құрылымдармен қарым-қатынасты жеңілдетеді деп есептейміз. Ең бастысы жобаны формализмге айналдырмау керек. Бір нәтиже шығаратындай әрекеттенуіміз қажет. Тоқсан сайын басшылар, апта сайын кураторлар жоба жұмысының барысын қарап отыратын болады, - деді Ғабидолла Абдоллаұлы.

Кездесуде жоба басшысы Орынбек Насимуллин «Ақжайық – адалдық алаңы» жобасын іске асыратын жобалық кеңсенің, жобалау топтардың және сарапшылық кеңестердің қызметі туралы баяндады. Мәселен, жобаның «Білім беру» бағыты бойынша мектептерді ұстауға арналған бюджеттің транспаренттілігіне назар аударылмақшы. Білім беру жүйесіне қаржыландырудың және бухгалтерлік есептің орталықтандырылған жүйесін енгізу сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасау мүмкіндігін болдырмауға мүмкіндік береді. «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің (ТМККК) қолжетімділігіне, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі (МӘМС) сыбайлас жемқорлықтың болмауына, ақылы негізде тегін медициналық қызмет көрсету үшін жасанды түрде жағдайлар жасалған (медицина қызметкерінің болмауы, жабдықтың сынуы, алдын ала жазылу, әлсіз немесе "жан басына" қаржыландыру және т.б.) фактілерге ерекше назар аудару қажет. Сондай-ақ жоба басшысының сөзінше, жол жабынын жөндеу кезінде жол белгілерін дер кезінде орнатпау сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тудырады. Бұл жағдайда мемлекеттік мекеме мен полицияның мүддесі болуы мүмкін. Ал белгіленген белгілерді орнатудың талаптарын бұзғаны үшін төленетін айыппұл жергілікті бюджетке түсуі керек.

Ясипа Рабаева

© zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале