12.12.2018, 18:36
Оқылды: 350

БҚО-да жер телімі кезегінде 103 641 адам тұр

БҚО жер қатынастары басқармасы басшысы Әлия Мұханбетжанованың айтуынша, өңірде жеке үй құрылысына жер телімдерін беру жұмыстары жалғасуда. Биылғы 1 желтоқсандағы мәлімет бойынша облыс бойынша жер телімі кезегінде 103641 адам, Орал қаласы бойынша  71 878 адам кезекте тұр.

kezek

Биыл облыс аудандарында жеке үй құрылысы үшін 1934 жер телімі бөлінген. Соның ішінде Ақжайық ауданында - 329, Бөрліде - 527, Жаңақалада - 60, Жәнібек -11, Зеленов -394, Қазталовта - 19, Қаратөбеде - 60, Сырымда - 64, Тасқалада – 14, Теректіде -369, Шыңғырлау ауданында 87 жер телімі жалға берілген. Биылғы жылдың аяғына дейін «Нұрлы жер» бағдарламасымен облыс бойынша 2244 жер телімін беру жоспарланып отыр. Соның ішінде Бөрлі ауданында – 1045, Зеленовта – 239, Теректі ауданында – 960 жер телімі ұсынылмақ. Өкінішке орай, Орал қаласы бойынша әзірге жер телімдері берілмейді.

2017 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Круглоозерный ауылы аумағынан жеке үй құрылысына 1141 жер телімі жоспары жасақталып, бекітілді. Бұл мақсатқа бюджеттен 15 миллион теңгеден астам қаржы қарастырылған. Инженерлік желілер тартылған соң, бұл жер телімдері кезекте тұрған азаматтарға кезек тізімі бойынша берілмек. 2019 жылдың соңына таман жаңа айтылған жер телімдерін беру жоспарланған.

-Елбасы Жолдауында жер қатынастары мен құрылыс саласындағы бюрократиялық рәсімдер өзекті мәселеге айналғанын, салада ашықтықтың жоқтығын айтып, жер қоры мен жылжымайтын мүлік нысандары туралы мәліметтердің бірыңғай ақпараттық базасын жасауды тапсырғаны белгілі. Осы мақсатқа орай және «Цифрлық  Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде  облыстық жер қатынастары басқармасы www.zem.kz порталын іске қосты. Онда конкурс және аукциондар арқылы ұсынылатын бос жер телімдерінің сызбалары, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерін алуға кезекке тұрғандардың тізімі,  Орал және облыстың барлық аудандарындағы жер пайдаланушылар туралы мәліметтер орналастырылды. Айта кетсек, бұл   порталға электрондық цифрлық қолтаңбасы бар кез келген азамат кіріп, өзіне қажетті ақпараттарды ала алады. Сондықтан портал қарпайым тұрғындарға қолжетімсіз деген сөздің жаны жоқ, - деді Әлия Мұханбетжанова.

Ал биылғы қазан айынан бастап порталда электрондық саудалар өткізу үрдісі жасақталып, іске қосылған. Қазанның 5-інде Ақжайық ауданында жалға алу құқығын сату бойынша бірінші аукцион өткізіліп, коммерциялық мақсаттағы жер телімі ұсынылған. Одан кейін қарашаның 8-інде Қазталов ауданында электрондық аукцион өткізіліп, коммерциялық мақсаттағы 3 жер телімі өткізілген. Аталмыш басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, алдағы уақытта барлық аукциондарды электрондық форматқа көшірілмек. Биылғы қараша айында Бөрлі, Тасқала аудандарында www.zem.kz  порталы арқылы 10,5 мың гектар болатын 10 жер телімін жалға алу құқығын ұсыну бойынша конкурс өткен.

Гүлбаршын Әжігереева,

© zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале